Бір күнде 12 өрт тіркелді: Қызыл жалынның жиілеп кеткенінен саяси астар іздеудің мәні бар ма?

Автор: Әйгерім Ердәулет

Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері 659 орман және 74 дала өрті, 2 181 дала жануы тіркелді

Фото ашық дереккөзден

Елімізде орын алып жатқан өрттермен күрестің қалай жүріп жатқанын Орталық коммуникациялар қызметінде баяндаған ҚР ТЖМ өкілдері жыл сайын 800 табиғи сипаттағы өрт болатынын мәлімдеді. Сондықтан, әлеуметтік желіде көпшіліктің саяси астар іздегені орынсыз екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Жыл сайын 800-ге жуық табиғи сипаттағы өрт орын алады. Қазгидрометтің болжамынша ағымдағы жылдың 3-ші тоқсанында елімізде ауа температурасының орташа көрсеткіші 30 градусты көрсетеді. Еліміздің оңтүстік, солтүстік, оңтүстік-шығыс, батыс бөліктерінде жауын-шашынның аз мөлшерінің себебінен өрттің қауіпті кезеңі екені ескертіледі. Сөзсіз бұл табиғи және орман өртіне ықпал етеді. Өрттің қауіпті кезеңі басталғалы бері 659 орман және 74 дала өрті тіркеліп отыр. 2 мыңнан артық даланың жануы тіркелген. Барлық жанған аумақ 131 мың шаршы метрді құрайды. Бүгін 12 өрт тіркеліп отыр. Оның 4-еуі ШҚО-да, 4-еуі Қарағанды облысында, 3-еуі Абай облысында»,- деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқарма бастығының орынбасары Тілеуберді Мәдиев.

ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов Қостанай және ШҚО, Алматыдағы және еліміздің басқа да өңірлеріндегі ірі өрттер табиғи сипатта орын алғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай оқиғалар халықтың отпен абайсызда отпен ойнауынан орын алады екен.

"Бізде табиғи өрттердің негізгі себептері халықтың отты абайсыз қолдануынан болады. Бұл республика аумағында болып жатқан барлық өрттердің 50%-ын құрайды. Одан кейін табиғи құбылыстар, құрғақ найзағай немесе өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудан болады", - деді ол.

Десе де, соңғы орын алған өрттердің  шығу себептері нақты белгісіз. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.