«Бұл – сорақы жағдай»: Мәжіліс депутаты жанар-жағармай сататын компанияларды тексеруге шақырды
Ерлан Саиров Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшыларына депутаттық сауал жолдады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жанар-жағармайдың тапшылығы мен бағасының күрт өсуіне байланысты
ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Көктемгі және күзгі егіс науқандарында жанар-жағармайдың тапшылығы мен бағасының күрт өсуі әдетке айналды. Биыл да осы сорақы жағдайды бастап кешіп отырмыз! Дизель отыны тоннасы кей жерлерде 500 мың теңгеге жетіп отыр! Өзі қымбатшылықтан қиналып отырған халыққа, шаруа қожалықтары мен фермерлерге бұл «жығылған үстіне жұдырық» екендігі сөзсіз!
Жанар-жағармайдың үздіксіз тапшылығы мен бағасының күрт өсуінің себебі ұйымдасқан картельді келісімдер, реваншисттік күштердің Мемлекет басшысының саясатына қасақана саботажында деген пікір бар», - деп атап өтті Ерлан Саиров өз сауалында.
Депутат мұнай өңдеу зауыттары мұнайды өңдеудің бағасын өсірмегенін, соған қарамастан дизель отынының, бензиннің бағасы шарықтап кеткеніне тоқталды. Ол мұнай өңдеудің барлық циклін жіті тергеп-тексеру қажеттігін айта келе, олигархиялық ұйымдасқан топтардың құлқынына балта шабу халық талабы екенін жеткізді.
Осы орайда Ерлан Саиров «AMANAT» партиясы Фракция мүшелерінің атынан Бас Прокуратура мен Агенттік Бірлесе отырып мына шараларды жүзеге асырса деген ұсыныс-талаптарын айтты:
1. Атырау, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының мұнай өңдеу бағытын, жанар-жағармайды сатушыларды «ұйымдасқан карельдік келісу» фактілеріне тексеру жүргізу.
2. Жанар-жағар майды сатушы компаниялардың дизель отыны, бензинге әдейі жетіспеушілігін ұйымдастыру мүмкіндігіне тергеу жүргізуді талап етеміз.
3. Мұнайды өңдеуге берушілер мен мұнайды сатушылардың шеттен шыққан алып сатарлық фактілері болса, олар заң алдында қатаң жауап берулері қажет.
4. Жанар-жағармай аясындағы баға саясаты ақылға сыйымды, әділетті, халыққа түсінікті болуы қажет!