Айтуынша уақытылы келісімшарттар жасау жұмысы дұрыс үйлестірілмей отыр
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиын барысында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына, оның ішінде, елді қантпен қамтамасыз етуге жеке тоқталды.
«Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйымдастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса, ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да әсер етті. Елде дүрлігу орын алды», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, АШМ тарапынан әкімдіктер мен ұйымдардың тиісті өнімдерді жеткізуде уақытылы келісімшарттар жасау жұмысы дұрыс үйлестірілмей отыр. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларын уақытылы толықтыру жұмыстарын бақылау да әлсіз.
«Жұмысқа атүсті қарау немесе орындамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық шешімдер қабылдаймыз», — деді Әлихан Смайылов.