Себебі ипотекаға берілген көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді
Тараз тұрғындары 1 айдан бері жаңадан алған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. Себебі ипотекаға берілген көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Жұрт баспана коммуналдық қызметке қосылмаған әрі кем-кетік жұмыстары да көп дейді. Ал әкімдік бар кінәні мердігер компанияның мойнына артып отыр. Сырты көркем көрінген 80 пәтерлі бұл үйде шикілік көп дейді тұрғындар. Жұрт пәтер құнының 20 пайызын жинап, мемлекеттік бағдарлама бойынша алған. Бірақ үйлерінде әлі күнге дейін жарық жоқ. Одан бөлек, қабырғалары да жарыла бастаған. Енді тұрғындар жаңа баспанаға қайта жөндеу жасаймыз ба деп алаңдаулы.
«Мына үйді соққан адам 18 ғасырда қалып қойған сияқты. Анау 90 жылдардағы үйлердің жағдайы мұндай емес қой. Құбырлардың бәрі сыртында шашылып жатыр. Газ құбырын мынандай бір арматурамен үйдің ішіне әкеп іліп қойған», - дейді қала тұрғыны Мөлдір Донасова.
Бесқабатты тұрғын үйді қабылдап алған жауаптылар мердігердің жіберген қателіктерін мойындап отыр. Оны ұзаққа созбай қалпына келтіруге уәде етті.
«Коммуналдық қызметтер бойынша су берілді. Жарықты да сәрсенбі күні қосу жоспарлануда. Мұнда ТГС мекемесі мен апаттық қызмет келіп,тексеріп қосуы керек», - деді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Шыңғыс Әлиасқар.
Әкімдік өкілі айтылған шағым екі аптаның ішінде толықтай шешіледі деп сендірді. Әрі мердігердің 5 жыл кепілдігі бар екенін айтты. Айта кетерлік ақпар, 15 шағын ауданда ойын алаңдары мен жол жоқ, қоғамдық автобус мәселесі де шешімін таппаған.