Шымкенттегі қоқыс полигонының заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Мекеме үш бірдей әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Фото ашық дереккөзден

Шымкенттегі қоқыс полигоны экологиялық-санитарлық талаптарды айналып өтіп, заңбұзушылықтарға жол бергені белгілі болды. Бұл туралы жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген экологтар мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Мекеме қалдық үйінделерін көму мен оны жою жұмыстарын жүйелі атқармаған. Салдарынан тұрғындардан арыз-шағым көбейді. Ауа қабатын қою түтін басып, қолаңса иіс қолқаны қапты. Мекеме үш бірдей әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 миллион теңгеден астам айыппұл арқалады. Бірақ бір жұма ішінде төлем жүргізсе жарты бағасын жеңілдікпен өтей алады. Сондай-ақ, экология департаментінің мамандары қала көшелеріндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы компанияларға қатысты да тексеру жүріп жатқанын айтады.

 «Зертханалық мониторинг жүргізу барысында полигон аумағында білгіленген шектен асу фактілері анықталған. Соның негізінде тексеру жүргізілді. Сонымен қатар нұсқама берілді. Нұсқаманың уақыты өткен жағдайда егер орындамаса қайтадан тексеру жүргізіп, ҚР әкімшілік кодексі бойынша сотқа жолданады», - деді Шымкент қалалық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев.