Мәжіліс депутаттары Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударады

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжілісмендер өрттен қаза тапқан тұрғынның туған-туысына көңіл айтты

Фото: Ж. Жұмабеков

Мәжіліс депутаттары Қостанай облысында өрт салдарынан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қостанай облысының тұрғындары бұрын-соңды болмаған қайғылы жағдай – алапат өртке тап болды. Өкінішке қарай, қайтыс болған адам бар. Жүздеген үй мен өндірістік нысандар қирады. Орман қоры мен жануарлар әлеміне үлкен зиян келді.

Қазіргі уақытта уәкілетті органдар барлық қажетті шараларды қабылдауда. Мемлекет басшысы жағдайды жеке бақылауда ұстап отыр.

Осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарға қостанайлықтармен бірге болып, қолдан келгенше көмек көрсету маңызды», - делінген Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған байланысты Парламент Мәжілісі Қостанай облысында өрт салдарынан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады.

«Мәжілісмендер мен Аппарат қызметкерлері марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді», - делінген хабарламада.