KASE «Apple», «Facebook» сияқты алпауыттардың акцияларын саудалауға неге асықпай отыр?!

Автор: Azattyq Rýhy

КАSЕ сауда алаңына «Apple», «Starbucks», «Facebook» және «Microsoft» сияқты алпауыттардың бағалы қағаздарын шығарғанымен, оны сатып алып жатқандар жоқ

Қазақстан қор биржасында Американың әйгілі компанияларына тиеселі акциялардың саудаланатыны туралы хабарландыру биыл наурыз айында пайда болған еді. КАSЕ сауда алаңына «Apple», «Starbucks», «Facebook» және «Microsoft» сияқты алпауыттардың бағалы қағаздары шығарылғанымен, оны сатып алып жатқандар жоқ. Бастапқыда қор биржасының жетекші мамандары бұл акциялар бағалы қағаз нарығындағы ойыншыларды ерекше қызықтырады деп мәлімдеген. Қазақстан қор биржасы басқармасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюк қалыптасып отырған жағдайға байланысты Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісіне пікір білдірді.  

Фото: businessfm.kz

«Бұл акциялар неге сатылымда жоқ деген сұрақты брокерлер көп қояды. Негізі сауда алаңына алпауыт компаниялардың қарапайым акциялары шығарылған. KASE алаңында алғашқы мәмілелер де жасалып, биржаның арнайы листингтеріндегі тізімде тұр. Ford Motor Company, Intel Corporation, Pfizer Inc, The Coca-Cola Company, NIKE, Inc, Starbucks Corporation, Exxon Mobil Corporation корпорацияларының акцияларын байқау қиын емес. Бірақ әзірге жасалған келіссөздер бойынша соммалар көлемі 70 мың, 110 мың, ары кетсе 200 мың теңге көлемінен аспаған», - дейді А.Цалюк.

Қор биржасының 2019 жылы 3 наурызда таратқан ақпаратына қарағанда, «Apple Inc» корпорациясының жария болған бағалы қағаздарының саны 12,5 миллиард дана. Ал «Starbucks Corporation»-ның 2,5 миллиард қарапайым акциялары мен 7,5 млн. дана айырықша акцияларын саудалау, сондай-ақ, КАSЕ алаңына «Microsoft» 24 миллиард, «Facebook» 5 миллиард дана бағалы қағаздарын шығаратыны айтылған.

Жобаны бастапқыда «Фридом Қаржы» ұсынған болатын. Алғашқыда акцияларды биыл сәуір айының алғашқы жартысында Freedom24.kz сайты арқылы сатып алуға болатыны айтылған. Енді компания бастаманың нақты жүзеге аспауын акциялардың әлі де тесттік тәртіпте саудаланып жатқанымен түсіндірді. Олар биржаға тек сынақ түрінде шығарылғандықтан, сауда қызбай тұр. Осы айдың аяғына қарай брокерлер үшін барлық ақпараттар қол жетімді болады деп үміттенеміз, дейді «Фридом Қаржы» ұйымының өкілі.

Алпауыт корпорациялардың акцияларын сатып алу кезінде тұтынушы тек нарықтық бағасын төлейді. Компания сайтында алғашқы үш айда азаматтар банктік және брокерлік комиссиялардан босатылады делінген. Сатып алынған акциялардың барлығы Орталық депозитарийде «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заң аясында сақталып, қорғалады. Құнды қағаздардың бағасы 3 мың теңгеден 1 млн. теңге аралығында белгіленген.   

Дерек үшін:

«Freedom Finance» халықаралық инвестициялық компаниясы әлемнің 8 мемлекетінде жұмыс істейді. Олар қаржылық операцияларды Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан және Кипр аумағында жүргізеді. Жеке капиталы $125 800 000. Әлемге әйгілі 12 ірі корпарацияның қарапайым акцияларын биржаға шығару құқығына ие. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы