Аталған дерек бойынша іс қозғалды
Байқоңыр қаласында көпқабатты үйлердің арасынан оқ тиген адамның денесі табылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 3 қыркүйекте сағат 00:20 шамасында Байқоңыр қаласындағы Королев даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің арасында болған. Сол аумақтан оқ жарақатының ізі бар адамның мәйіті табылды.
Аталған дерек бойынша Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Байқоңыр кешеніндегі тергеу бөлімі РФ Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыс белгілері бойынша іс қозғады.
«Байқоңыр қаласында жасалған құқық бұзушылық іс-әрекеттерді Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қарайды. Бұл жөнінде 1997 жылғы 4 қазанда «Ресей Федерациясының және Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Байқоңыр кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы» келісімінің 5-бабында көрсетілген», - деп мәлім етті ҚР Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі.