Қошанов: Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру

Azattyq Rýhy

Мәжіліс төрағасы «Хабар 24» телеарнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында сұхбат берді

Қошанов: Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің Жолдауына қатысты сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қадірлі достар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялап, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді.

Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның келешекке кемел қадам басуын қамтамасыз ету үшін Президент батыл да маңызды бастамалар көтерді. Жолдау еліміздің саяси өмірін жандандырып, экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін үлкен жаңалықтарға толы болды.

Ең бастысы халықтың әлеметтік жағдайы әрдайым мемлекеттің басты назарында қала бермек. Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Саяси, экономикалық реформалардың, игі бастамалардың бәрі осыған бағытталған», - дейді Ерлан Қошанов.

Сөзін жалғай отырып, Президент жолдауы әділетті Қазақстан құру жолында жасалған тағы бір ірі қадам болды деп есептейтінін мәлім етті.

«Экономиканы дамыту, бизнеске тең жағдай жасау үшін ашықтық пен әділдік қажет. Президент осы бағытта біраз ұсыныстарын ортаға салып, жаңа заңдар әзірлеуді тапсырды. Бұл бағытта Мәжіліс белсене жұмыс атқаратын болады.

Елді елең еткізген жаңалықтардың бірі алдағы саяси науқандар мен электоралдық кезеңдер кестесінің жариялануы, Мемлекет басшысының президенттік мандатты 7 жылдық 1 мерзімге қысқарту жөніндегі ұсынысы. Оны көпшілік қолдауда.

Жалпы жолдауда көрініс тапқан ауқымды реформаларды қалың жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдап жатқанын көріп отырмыз.

Кеше «Хабар 24» телеарнасының «Бетпе-бет» бағдарламасына қатысып, жолдауда айтылған осы және өзге де мәселелер туралы өз ойларыммен бөлістім», - дейді Мәжіліс төрағасы.

Сұхбатты мына сілтеме арқылы көруге болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.