Өзбекстан астанасында ауыр атлетикадан халықаралық ынтымақтастық біріншілігі өтіп жатыр
Кеше ауыр атлетикадан Ташкент қаласында өтіп жатқан халықаралық ынтымақтастық біріншілігінің алғашқы жарыс күні аяқталып, 61 келіде сынға түскен қазақстандық Игорь Сон алтын жүлдеге ие болды.
Игорь Сон қоссайыс бойынша 286 келіні бағындырып, басты қарсыласынан 3 келі артық көтерді. Жұлқа көтеруде 130 келіні, серпе көтеруде 156 келіні бағындырды. Игорь Сонға алтын жүлдені Халықаралық ауыр атлетика федерациясының вице-президенті, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков табыстады.
ІІ орын Малайзия спортшысы Мухаммад Анзил Бин Бидинге (283 келі), ІІІ орын Түркменстан атлеті Сейтжан Мирзаевқа (280 келі) бұйырды.
Ташкенттегі жарыс Токио олимпиадасы қарсаңында өтіп жатыр және бұл турнирде 47 елдің спортшылары бақ сынайды.
Естеріңізге сала кетейік, 18-25 сәуір күндері Нұр-Сұлтандағы жекпе-жек сарайында ауыр атлетикадан Токио олимпиадасына лицензия беретін Азия чемпионаты өтеді.