Полицейлер ауыр қылмыс жасаған әйелді 2 сағатта анықтап, қолға түсірді
Қостанайда еш жерде жұмыс істемейтін 45 жастағы әйел көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде зейнеткерге пышақ салып, алтын алқасын жұлып әкеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай қаласындағы көпқабатты үйдің кіреберісінен әйел адамның мәйіті табылғаны туралы полицияға хабарлама келіп түсті.
Күдікті қонақтан үйіне қайтып келе жатқан 75 жастағы зейнеткердің алтын әшекейлерін байқап қалған. Сосын ол зейнеткерге еріп подъезге кіріп, оған пышақ жарақатын салып, мойнындағы алтын алқасын алып кеткен.
Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың айтуынша қылмысты ашуға облыстың және қаланың тәжірибелі полиция қызметкерлері тартылып, кісі өлтіру қылмысы екі сағатта ашылды.
Ұсталған адамнан заттай дәлелдемелер алынды.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі «Пайдакүнемдік ниетпен өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.