Қызылорданың тұрақтандыру қорында азық-түлік бұзылып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Азық-түлікті сақтау талаптары өрескел бұзылған

Фото: ашық дереккөзден

Былтыр Қызылорда облысында тұрақтандыру қорындағы 200 тоннадан астам пияз, 44 тонна сәбіз бен 6 тонна қырыққабат тұтынуға жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy "Хабар24"-ке сілтеме жасап. 

Себебі, сақтау талаптары өрескел бұзылған. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар агроөнімдер дүкен сөресіне дейін жетпеген. Одан бөлек әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік тауарларын нарық бағамынан жоғары бағада сатып алғаны әшкереленді. Карантин кезінде картоп пен сәбіз 39 миллион теңге қымбат алыныпты. Тиімсіз жобаларды қаржыландырған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бизнесті дамытуға бағыттаған 3 миллиард теңгесін қайтара алмай отыр. Бұл бағытта несие төлеуші кәсіпкерлерге қатысты 150 іс сотқа жолданды. Жалпы тұрақтандыру қорының соңғы 3 жылдық қызметіне талдау жүргізген жұмысшы топ, мекеме басшылығының бос лауазымдарға мамандарды іріктеу тәртібін де дұрыс ұйымдастырмағанын анықтады.   

"Біз сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін деген 20-дан аса ұсынымдар бердік. Соның алдын-алу және жою бойынша ұсыным бердік", - деді Сжемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілі Нұржан Оспанов. 

"Соның 14-15 орындадық. Қалғаны уақыт талабына сай орындалатын дүние. Келісім-шарттарға өзгеріс енгізу, қызметкерлердің функционалдық міндеттерін ауыстыру, сотқа беретін талап-арыздарды беру, бақылауды күшейту, JPS камера орнату оған шамалы қаражат керек", - дейді "Байқоңыр" ӘКК өкілі Ғабит Тобажанов.