Пәтер 3 бөлмелі болуы шарт
«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Соттары әкімшісі» республикалық мемлекеттік мекемесі елордадан 80 млн теңгеге пәтер сатып алмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бұл туралы Мемлекеттік сатып алулар сайтында белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Соттар әкімшісі» РММ жалпы құны 80 млн теңгені құрайтын, ал жалпы ауданы 88 шаршы метрден кем болмайтын пәтерді сатып алуға байқау жариялады.
Конкурстық құжаттамаға сатып алынатын тауардың техникалық ерекшелігінде пәтердің міндетті түрде 3 бөлмелі болу керектігі көрсетілген. Үйдің салынған жылы 2021 жылдан ерте емес және сол жағалауда орналасқан болуы тиіс екен. Сондай-ақ, пәтердің ішінде міндетті түрде кемінде екі жуыну бөлмесі болуы шарт.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.