Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист
Алматы мен елорда көшелерінің біріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілуі мүмкін. Бұл туралы журналист, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Асанәлі Әшімов, Мәмбет Қойгелдиев, Дулат Исабеков, Сейіт Қасқабасов, Кәдірбек Сегізбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Уәлихан Қалижан және басқа да жүзден астам зиялы қауым өкілі елорда мен Алматы, Қонаев қаласындағы көшелердің біріне Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін беру жөнінде ұсыныстар айтып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдаған болатын.
Сағатбек Медеубекұлы facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы мәселе бойынша Алматы қаласы әкімдігінен келген хаттың мәтінін жариялады.
«Алматы қаласы әкімдігі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін көшеге беру мәселесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленген тәртіппен Алматы қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының және Алматы қаласы ономастика комиссиясының қарауына енгізілетін болады», - делінген Алматы қаласы әкімдігі жолдаған хатта.
Сонымен қатар аталған мәселе комиссияның оң қорытындысын алған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының келісімін алуға жолданатыны айтылған.
«Қадірлі достар! Сіздерді қуантайын. Бүгін 1414 арқылы хат келді. Алматы қаласының әкімдігінің өткенде өздеріңізге айтқан хатқа жауабы бар. Жауапта «болмайды» деген сөз жоқ. Соған қарағанда Алтынбек арыстың да атында Құдай қаласа, көше болады. Дәл сондай хат-жауап Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен де келді. Тағы бір ауызша айтылған жақсы хабар - Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі өзі оқыған мектепке берілетін болыпты!», - деп жазды Сағатбек Медеубекұлы.