«Жастар Рухы» 1000 ментордан тұратын пул құрады
Кешенді жоба негізгі 3 бағыттан құралған
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты «Өрлеу» кешенді жобасын іске қосты. Жоба 14-35 жас аралығындағы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге бағытталған. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаев әлеуметтіктік желідегі өз жазбасында жариялады:
«Кешенді жоба негізгі 3 бағыттан құралған. Алғашқы бағыт «AMANAT» партиясының белсенді мүшелерінен, тәжірибелі көшбасшылар мен тәлімгерлерден жасақталған 1000 ментор пулы болмақ. Менторлар пулы IT, медиа, бизнес, спорт, өнер, саясат, қоғамдық сала және өзге қоғамның басым бағыттарында жастарға бағыт-бағдар беретін болады. Бұл құрамға «AMANAT» партиясының Жас депутаттар корпусы мүшелері де кіретін болады».
Ұйымдастырушылар менторлар пулымен шектеліп қалмаймыз дейді. Атаулы жоба ауыл жастарын, жас IT мамандары мен оқушыларды да қамтып, бағыттар бойынша бірқатар жоспарларды жүзеге асырмақ.
«Келесі бағыт ауыл жастары арасында заманауи дағдыларды жетілдіруге бағытталған жас көшбасшылар мектебінен тұрады. Қыркүйек айынан бастап, еліміздің барлық ауыл-аймақтарында арнайы оқыту лагерлеріне іріктеу жұмыстары басталады. Іріктеуден өткен жастар аймақтық топтарға біріктіріліп, арнайы шеберлік сағаттардан өтеді. Ауыл жастарының мәселесін көтеретін үздік деп танылған жастардан топтар жасақтаймыз.
Сондай-ақ, күз айларында оқушылар арасында өтетін пікірсайыс чемпионатына іріктеу болады
Ал соңғы бағыт жастардың IT және шығармашылық әлеуетін дамыту. Бұл бағыт шеңберінде жас IT мамандарына, елді-мекендердегі талантты жастарға арналған түрлі байқаулар өткізу жоспарлануда. Осылайша, «Өрлеу» - нағыз шығармашыл ауыл жастарына өз біліктіліктерін дамытуға трамплин болмақ», - деп атап өтті Нұржан Жетпісбаев.
Сонымен қатар, 27 тамыздан бастап арнайы жасақталған менторлар тобы жастар көптеп жиналатын орындарда арнайы кездесулер ұйымдастырып, жастар арасынан өз топтарын жасақтайтын болады.
Айта кетеміз, Жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің спикері СҚО, Озерное ауылы мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова өз сөзінде атаулы жобаға ментор болуға қызығушылық танытып, ауыл жастарын оқытуға дайын екендігін айтып өткен болатын.
Жоба туралы толық ақпаратты «Жастар Рухы» әлеуметтік парақшаларынан және @Orleukz_bot телеграм чат-ботынан алуға болады.