Оның мұндай қадамға баруына ақшаның жетіспеушілігі себеп болыпты
Атырауда түн ортасында тағы бір ішімдік ішкен жігіт көпірден секіруге оқталды. Оны полиция қызметкері райынан қайтарды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға туралы дерек 25 тамыз күні сағат түнгі 1:30 шамасында тіркелген.
Атырау қаласындағы «Жұмыскер» және «Балықшы» шағын ауданын жалғастырып, Жайық өзенінің үстінен өтетін көпірден ер адам секіруге оқталған. Бұл туралы мәлімет алған патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты Асланбек Ғарифуллин жедел жеткен.
Полиция инспекторы өз-өзіне қол жұмсамақ ниетте тұрған жігітпен профилактикалық келіссөз жүргізген. Ол тәртіп сақшысына өзінің екінші топ мүгедегі екенін, отбасына ақша жеткізе алмағанына налитынын айтқан. Сол себептен, көпірден секірмек болған.
«Суицид жасағалы тұрған ер адаммен келіссөз сәтті аяқталды. Полиция ер адамның Атырау қаласының тұрғыны екенін анықтады. Оның жасы – 35-те. Медициналық сараптаманың қорытындысымен, жеңіл дәрежелі масаң күйде екені дәлелденді. Ол Атырау қаласындағы №1 полиция бөлімінің жедел-тергеу бөліміне тапсырылды», - делінген хабарламада.