Әкімдік өкілдері қатты отын тасымалы жылыту маусымы бойы жалғасатынын айтты
Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы. Өңір қоймаларында жоғары сұранысқа ие «Шұбаркөл» қатты отыны мүлде жоқ. Жазы қысқа, қысы қытымыр теріскейде жылыту маусымы қыркүйек-қазан айларында басталады. Көмір тұтынатын тұрғындардың 38 пайызы ғана қатты отын сатып алып үлгерген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қоймалар жабық жатыр
Теріскей тұрғындары қыс маусымында орта есеппен 400 мың тоннадан астам көмір тұтынады. Жағдайды білмек болып облыс орталығындағы қоймаларды араладық. Жұмысшы кентіндегі теміржол тұйығында Шұбаркөл көмірі саудаланады. Бүгін әдеттегі ұзын-сонар кезек жоқ. Айнала тым тырыс. Тіпті күзетшінің қарасы көрінбейді. Себебі сатылатын тауар жоқ.
«Көмір алуға келдім. Бірақ қойма жабық жатыр. Соған қарағанда жүк пойыздары келмеген сияқты. Күтуге тура келеді. Қысқа дейін қолымызға көмір тиеді деп үміттенемін. Маған оның 5-6 тоннасы керек. Былтыр қыс бойы күніне 50-60 көліктен кезекте тұрды. Осы жерге келіп, талай табан тоздырдық. Көпшілік биыл да солай болатынын айтып жатыр. Бізге осылай ерсілі-қарсылы сабылудан басқа амал жоқ. «Шұбаркөлге» сұраныс көп. Әкелінсе, тез таусылып қалады. Бәлкім қатты отын басқа мемлекеттерге кетіп жатқаны елде тапшылық тудырып отырған шығар», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Адарич.
Қатты отынның келуін күтіп жүргендердің тағы бірі – Виктор Пяньков. Зейнеткер жылына 5-6 тонна көмір сатып алады. Арбасын қыста, шанасын жазда сайлайтын азамат жылыту маусымына дайындалудың орайы келмей жатқанын айтады. Өйткені қоймаға келген көмірді сатып алуға үлгермейді.
«Бізге 4 тонна көмір сатып алу керек. Оған қоса 6 текше метр отын сатып аламын. Үйіміз үлкен, дегенмен жылы. Өткен жылдан қалған отын-көмір қоры бар. Тіпті болмаса күзде 1 ай сонымен амалдауға болады. Хабарландыру бойынша көмір жеткізушілерге телефон соғып тұрамын. Әзірге көмірдің келгенін және бітіп қалғанын естіп жүрмін. Көмірдің бағасы арзан емес. Тағы көтеріліп кетпесе болғаны. Біз оның үстіне көмірді үйге жеткізетін көліктерді жалдаймыз. Азық-түлік те арзандап жатқан жоқ. Қарап отырған бар табысымыз - зейнетақы», - дейді зейнеткер Виктор Пяньков.
Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшылығы үйреншікті жағдайға айналғандай. Мәселе жыл сайын қайталанады. Бірақ түбегейлі шешімін таппай келеді. Проблеманың зардабын қарапайым халық тартып отыр.
«Қор ұзаққа жетпейді...»
Қазір «Жас Өркен» айдынындағы қоймада көмір бар. Онда қара алтынның шамамен 6 мың тоннасы жатыр. Қойма қызметкерлерінің айтуынша қор ұзаққа жетпейді. Қалада қатты отын сапасына қарай 9-15 мың теңге аралығында саудалануда. Ұсыныстан сұраныс әлдеқайда басым. Сондықтан көпшілік баға өсіп кете ме деп те алаңдайды.
«Мен осында күні бойы жүк көліктеріне көмір артамын. Келіп жатқандар аз емес. Аудандарға да тасымалдаушылар бар. Мына көмір қоры бір күнде бітіп қалуы мүмкін. Кейде осынша тауар 1 сағатта жоқ болады. Көбіне Майқұба көмірін әлеуметтік нысандарға алады. Сондықтан үлкен жүк көліктері келеді. Оның келесі партиясы қашан келетінін нақты айта алмаймын», - дейді қойма қызметкері Виктор Воробьев.
Әлеуметтік нысандардың 20 пайызы көмірмен қамтылмаған
Петропавлда жеке сектордағы үйлердің басым бөлігі орталық жылыту жүйесіне қосылмаған. Күз ерте түскен жылдары тұрғындар қыркүйек айында пеш жағады. Ал әлеуметтік нысандардың кейбірі қыркүйектің соңы, қазан айының басында орталық жылыту жүйесінің қызметін пайдалана бастайды. Облыста қазандық арқылы жылытылатын 1200-ден астам нысан бар. Олардың 20 пайызы жылыту маусымына дайын емес.
«Облыста Шұбаркөл көмірі жоқ. Әкелінгені сатылып кетті. Жолда 8 вагон келе жатыр. Ал басқа теміржол тұйықтарынан көмір табуға болады. Тапшылық бар, бірақ көмір мүлде жоқ деуге болмайды. Бізге ол жүйелі түрде жіберілмейді. Сондықтан тапшылық туындайды. Мәселені министрлік деңгейінде шешу тетіктері қарастырылуда. Өңірде қазандық арқылы жылытылатын 604 білім беру, 396 денсаулық сақтау, 167 мәдениет және 4 жұмыспен қамту нысаны бар. Олардың 80 пайызы қатты отынмен қамтылды. Мәселе қыркүйек айының ортасына дейін шешіледі. Барлығына көмір жеткізіледі. Кестеден кешігіп жатқан жоқпыз. Жылыту маусымын жоспарға сай бастаймыз. Халық ол жағына алаңдамауы тиіс», - дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Евгения Островская.
Қыстан қысылмай шығу үшін өңір халқына әлі 260 мың тонна көмір қажет. Әкімдік өкілдері қатты отын тасымалы жылыту маусымы бойы жалғасатынын айтты. Ал өңір халқын көгілдір отынмен қамтамасыз етудің ауылы әлі алыс екені анық. Сондықтан алдағы уақытта көмір алу үшін кезекке тұратындар легі бірнеше жылға жалғасатын сыңайлы.