Мәжіліс депутаты Оралда жол сапасын тексерді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір Чапай дивизиясы көшесінде таңба салу, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде

Бүгін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Жамалов Аманжан Оралдағы 25-ші Чапай дивизиясы көшесіндегі жолдардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Azattyq Ruhy Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нысанның жұмыстары өткен жылдан бері жүргізіліп жатқандықтан, 90%-ы дайын.

Қазіргі таңда 25-ші Чапай дивизиясы көшесінде таңба салу, жол белгілерін орнату, жол бойындағы арықтарды қазу, жол съездерін жасау жұмыстары жүргізілуде.

Өз кезегінде Аманжан Жамалов Орал қаласының ішкі қалалық жол жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанына назар аударды.

«Сайлау алдындағы науқан кезінде жөндеуді қажет ететін мектептер, ауруханалар ретке келтіріліп, қала көшелерінде жолдар салынады деп уәде берілді. Өңіріміздегі жол құрылысы мәселелері де облыс тұрғындары үшін маңызды екендігі белгілі. Сондықтан бұл жұмыстарға ерекше ден қойылып, сапасына баса назар аударуымыз қажет. Біз өңірлерге сапар барысында сайлауалды бағдарламаның орындалуын қадағалаймыз», – деді.

Сондай-ақ Жамалов Аманжан бірнеше күн ішінде облыстың бірқатар аудандарына барып, әлеуметтік нысандарды, инженерлік коммуникацияларды жөндеу және құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындардың тілектері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жергілікті және республикалық деңгейдегі уәкілетті органдар алдында көтерілетін болады.