Еліміздің бірқатар өңірінде көмір экспортына уақытша тыйым салынуы мүмкін

Автор: Әсел Оршыбекова

Былтыр халыққа арналған 123 мың тоннаға жуық көмір Қырғызстанға экспортталды

Былтыр Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарына көмір жеткізуде қиындықтар болған. Бүгінде жылдық жоспарды орындаудың төмен көрсеткіштері Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов жергілікті атқарушы органдарға құлаққағыс жасады.

«Жергілікті атқарушы органдар қазірдің өзінде суық ауа райының басталуын күтпей-ақ көмірді барынша көп алуы, сондай-ақ халықпен жұмыс жүргізуі қажет. Күн райы салқындаған кезде көмірге деген сұраныс артып, сәйкесінше бағаның өсуі күтілуде. Мұнда да мынаны атап өткім келеді. Өткен жылыту маусымында көмірді республикадан тыс жерлерге кедергісіз шығару фактілері тіркелді. Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы Айша бибі, Сыпатай батыр және Қарасу кеден бекеттері арқылы Қырғызстан бағытында халыққа арналған 123 мың тоннаға жуық көмір экспортталды. Мұны ұлттық статистика бюросы мен ҚТЖ-ның деректері растайды. Қазір көмір шығару жалғасуда», - деді Индустриялық даму комитетінің төрағасы.

Ілияс Оспанов келтірген деректерге сенсек, Жамбыл облысы Меркі ауданы тұрғындарының ақпараты бойынша көмір тиеу орындарында қырғыз нөмірлері бар 50-ге жуық автокөлік кезекте тұр және тәулік сайын 2,5 мың тоннаға жуық қазақстандық көмір сыртқа тасымалдануда. Шамалған мен Чилбастау станцияларында (Алматы облысы) да дәл осындай тәсілмен Қырғызстанға көмір шығарылады екен.

«Сондықтан Жамбыл облысы мен өзге де өңір тұрғындарының өтініші негізінде (СҚО, Алматы, Түркістан, Қостанай облыстары) жылу беру кезеңінде көмір әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы мәселе ведомствоаралық комиссияның  отырысына шығарылды. Онда бұл бастама мақұлданып, қазір бұйрық жобасы мемлекеттік органдарда қаралуда», - деді Ілияс Оспанов.