Елімізде шілдеде 11,6 мың жеңіл автокөлік және жеңіл коммерциялық көлік сатылды
Әлемде жаңа көліктердің сатылымы 6 пайызға өсті. Қазақстан да жаңа көлік сатылымын жылына 9%-ға көбейтіп, жағымды көрсеткішке қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Energyprom зерттеуіне сүйенсек, осы жылдың шілде айында LMC Automotive мәліметтері бойынша әлемде жаңа жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы 6,9 миллион данаға жеткен, бұл 2021 жылдың шілдесімен салыстырғанда 5,8%-ға көп көрсеткіш. Дегенмен, өсім сатылымның үштен бірінен астамын құраған Қытайдың үлесіне тиеді: бұл елде шілдеде 2,5 миллионға жуық жаңа жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық көліктер сатып алынған. Яғни, өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда көрсеткіш 33,4%-ға өсті. Сатылымның мұндай оң динамикасы, ең алдымен, коронавирус шектеулеріне байланысты кейінге қалдырылған тұтынушылық сұраныспен, сондай-ақ мемлекет тарапынан автокөлік нарығын қолдау бойынша жаңа шаралардың іске қосылуымен айқындалады.
Одан кейін Америка Құрама Штаттары тұр, бұл елде 1,1 миллион жаңа көлік сатылған, бірақ 2021 жылдың шілдесіне қарағанда көрсеткіш 11,6%-ға төмендеді. Батыс Еуропада жаңа көліктердің сатылымы шілдеде бірден 8,9%-ға төмендеп, 910,1 мың дананы құрады.
Автокөліктерді өндіруге арналған құрамдас бөліктердің тапшылығы жаңа автокөлік жеткізу жұмыстарын кешеуілдетіп отыр.
Еуропалық бизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, 2022 жылдың шілдесінде Ресейде жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы 32,4 мың бірлікке жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,9%-ға аз. Беларусьте сатылым одан да – бірден 79,4%-ға, 837 автокөлікке дейін төмендеп кетті. Мұндай теріс динамикаға ең алдымен, Ресейдегі автокөлік зауыттарының жұмысын тоқтатуы себеп болып отыр.
«Қазақстанда 2022 жылдың шілдесінде 11,6 мың жеңіл автокөлік және жеңіл коммерциялық көлік сатылды, бұл 2021 жылдың шілдесімен салыстырғанда 9,1%-ға артық. Өткізу көлемінің өсуі қазақстандық тұтынушылардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін отандық автозауыттарды жылдам қайта құрылымдау және ресейлік өндірістегі автокөліктердің тапшылығы жағдайында ішкі нарықты толтыру есебінен қамтамасыз етілді», - дейді сарапшылар.
2022 жылдың шілдесінде Қазақстанда сатылған жаңа көліктер саны бойынша Chevrolet бренді көш бастады: 4 мың автокөлік – бұл 2021 жылдың шілдесімен салыстырғанда 29,4%-ға көп. Одан кейінгі орында Hyundai көлігі тұр: 2,6 мың автокөлік, өсім 29,6%. Үздік үштікке Kia маркасы да кіреді: 1,4 мың автокөлік, бір жылдағы өсім – 11%-ға көп. Үздік бестікке сондай-ақ Toyota (903 автокөлік – бір жыл бұрынғыдан бірден 24,7%-ға аз) және Lada (675 автокөлік – өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 30,3%-ға көп) кіреді.
«Шілдеде қазақстандықтар арасында танымал болған 10 жаңа көлік моделінің қатарына бірден 5 Hyundai моделі кірді: Tucson (810 бірлік), Sonata (433 бірлік), Santa Fe (414 бірлік), Creta (391 бірлік) және Elantra (373 бірлік). Сонымен қатар екі Chevrolet моделі — Cobalt (2796 бірлік) және Nexia (957 бірлік), сондай-ақ Kia Sportage (917 бірлік), Toyota LC Prado (491 бірлік) және Lada Granta (276 бірлік) көш бастады», - делінген зетттеуде.