Оралда зейнеткер мен оның немересіне қол көтерген азамат ұсталды
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде
Орал қаласында зейнеткер мен оның немересін ұрып-соққан мас тұрғын ұсталды. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттен мәлім еткендей, оқиға 21 тамыз күні шамамен сағат 20.20-да «Самал-3» шағынауданында болды.
Мас тұрғын зейнеткер әйел мен оның немересіне бірнеше соққы жасаған.
Содан кейін оқиға орнынан бой тасаламақ болған кезде түнгі кезекшіліктен кейін демалыста жүрген патрульдік полиция батальонының инспекторы Талғат Барасов әйелдің даусын естіп, күдіктіні қуып жетіп, қолға түсірген.
Сосын әріптестерін көмекке шақырған. Дәрігерлер қарағаннан кейін зардап шеккен зейнеткер мен немересі үйіне жіберілді.
«Осы қылмысқа күдікті ретінде 1994 жылғы тұрғын ұсталды. Ол мас күйінде бұзақылық ниетпен 62 жастағы әйел мен оның жеті жасар ұл немересіне дене жарақатын салған. Қазіргі уақытта күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», деді БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Арынов.