Жаңа реформаны құруда министрлік тек отандық мамандармен жұмыс атқармақ
Еліміздегі отандық ғылым саласы салалық, өңірлік және қолданбалы проблемаларды шешуге бағытталмаған. Жаңа құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған саланың механизмін түбегейлі өзгертпек. Бұл туралы ведомство басшысы Саясат Нұрбек Елордада ұйымдастырылған «Қазақстанның ғылымы және жоғары білімі» форсайт-сессиясында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәстүрлі емес форматта ұйымдастырылған форумға ғылым мен жоғары білім өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, топ-менеджерлер, жұмыс берушілер, оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.
Шара шеңберінде қазіргі заманғы білім берудің негізгі үрдістері талқыланып, ЖОО-ны жаһандық трендтерге сәйкес дамыту бағыттары сөз болды. Жаңа реформаны құруда министрлік тек отандық мамандармен жұмыс атқармақ.
«Болашақта жаңа тұрпатты ЖОО-ның моделі қандай болуы керек? Университеттік ғылым мен фундаменталды қолданбалы ғылым біртұтас модельде қалай жұмыс істеуі керек? Осындай мәселелер талқыланып жатыр. Президентіміздің осы бағытта берген төрт тапсырмасының аясында бірінші кезекте Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру, бұл ретте қазіргі таңда Үкіметтің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы құрылып, осы мәселелерді қарастыруда, екіншісі - университеттік ғылым мәселесі. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта университеттеріміздің 70 пайызы ғылыммен айналыспайды. Өйткені олар оқытушы университеттер. Біздің мақсатымыз осы университеттерімізді зерттеу университеті моделіне көшіру, сондай-ақ ғылыми институттарымызбен ұштастырып, жастарды ғылымға тарту жұмыстарын қолға аламыз», - деді министр Саясат Нұрбек.
Журналистерге берген сұхбатында министр ұзақ, орта және қысқа мерзімді ғылымның басымдық бағыттарын айқындау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, қазір отандық ғылым күнделікті салалық, өңірлік, қолданбалы проблемаларды шешуге бағытталмаған.
«Ғылым өз бетімен, отандастарымыздың проблемалары өз бетімен. Осы екі нәрсені ұштастыруымыз керек», - деп нақтылады ол.
Ғылым саласындағы түйіткілді мәселенің бірі – қаржыландыру жұмыстары болып отыр. Ведомство басшысы аталған бағытқа ақша бөлініп жатқанымен, нәтиженің жоқтығын айтады.
«Ұлттық ғылыми кеңестерге негізделген қаржыландыру моделі жақсы жұмыс атқарып жатыр. Бірақ оның тетіктерін және оның басымдылық бағыттарын ауыстыруымыз керек. Біздің ғылыми зерттеу институттарымыз өз жұмыстарын күнделікті проблемаларды шешуге бағыттауы тиіс», - деді Саясат Нұрбек.
Өкінішке қарай, отандық ғылым саласының дамуына кедергі болып отырған тағы бір мәселе – қаражаттың аздығы. Осылайша қолдау таппаған талай жоба жолда қалды. Әдетте ғылым бағытына бөлінетін қаражат халықаралық тәжірибеде ІЖӨ-нің бір пайызынан кем болмауы тиіс.
«30 жылдың ішінде Қазақстанның ғылым саласына бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің әлі де бір пайызына жетпеген. Нақтырақ айтқанда 0,12 пайызда тұр. Биылдан бастап гранттық және бағдарламалық қаржыландыруды екі есе көбейтеміз. Бұл орайда Президенттің толық қолдауы бар. Біз жолдауды асыға күтіп отырмыз. Сонда осы ғылым саласына, ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіледі деген үміттеміз», - деді министр.
Бүгінде отандық ғылым саласы мемлекеттік бюджеттің есебінен қаржыландырылып отырғаны белгілі жайт. Десе де бұл бағыттағы кейбір жұмыстар алдағы уақытта жекеменшік компаниялармен бірге атқарылмақ.
«Негізгі қаржыландыру мемлекеттен болуы тиіс. Бірақ ғылыми-қолданбалы зерттеулер жеке меншік сектормен байланыста болуы керек. Мысалы «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының жанынан құрылған үлкен ғылыми орталықпен біздің зерттеу институттарымыз тікелей келісімшарттар жасайды. Үлкен ірі компаниялармен де тікелей келісімшарттық модельге көшеміз. Негізгі мақсат – бұдан былай біздің ғылыми зерттеу институттарымыз қолданбалы нақты проблемалардың шешу жолдарын іздеуі керек», - деді министр.
Қажетті қаражат діттеген жеріне жетіп, ғалымдар бәлкім халықтың мәселесін шешуде тың идеяларын жүзеге асыратын шығар. Бірақ бүгінде Ғылыми зерттеу институттарының материалдық базасының тозығы жеткені де жасырын емес.
«Қыркүйектен бастап біз Ғылыми зерттеу институттарының бәрін аралап шығамыз. Бізде географиялық, гляциологиялық үлкен орталығымыз бар. Олардың инфрақұрылымдық жағдайы нашар. Проблемалар айқын. Келесі жылдан бастап ҒЗИ инфрақұрылым, жабдықтау мәселелерін де қолға алатын боламыз», - деп сендірді министр.