Павлодар облысында медициналық ұйымдарға 18 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Пациенттер көбіне қызмет сапасына шағымданады екен

Фото ашық дереккөзден

Өңірде ауруханалардың жұмысына негізсіз шағымдардың саны артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында қорға тұрғындардан 574 өтініш түскен. Олардың 26-сы алғыс болса, 467-сы шағым.

«Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі – пациенттердің құқықтарын қорғау және халықпен кері байланыс. Өткен жылмен салыстырғанда түскен өтініштер саны 62,2 пайызға артты. Алайда, шағымдардың алтауы ғана негізді болып табылды. Медициналық ұйымдардың қызметіне қатысты 6 ай ішінде жалпы сомасы 18,7 миллион теңге тұрақсыздық айыбы есептелді», - деді Нұрлан Қасымов.

Нұрлан Қасымов шағымдар көбіне Павлодар қаласындағы №1, 2 (Almaz Medical Group), 4 емханаларға қатысты түсетінін атап өтті. Сондай-ақ пациенттер көбіне уақытылы стационарлық емделуге жолдама алмауына, кеңес алу мен тексеруді көп уақыт күтетініне, қызмет сапасына шағымданады.

«Шағымдардың көбейе түскен себебі - халықтың сауаттылығының арта түсуі. Яғни, өз құқықтарын біле бастады. Бізде кейбір қызметтердің көрсетілу уақытына байланысты норматив бар. Белгілі бір уақыт аралығында адам сол қызметті алу керек. Осыны білген адам шағымданады. Одан бөлек, медициналық қызметтерге шағымданудың бірнеше тетігі бар. Мысалы, денсаулық сақтау басқармасына, біздің қорға, комитетке шағымдана алады. Адамдар мәселені кім тез шешеді соған шағымдануда», - деді Нұрлан Қасымов.

Сонымен қатар, Нұрлан Қасымов шағым түскеніне байланысты медициналық ұйымдарды қалай тексеретіндерін айтты.

«Біз ең алдымен медициниалық ұйымдар қосылған ақапараттық жүйеден тексереміз. Пациент қашан қабылдауда болды, оған қызмет көрсетілгендігі туралы ақпаратты қараймыз. Емханаға барып, тексеру қажеттілігі туындаған кезде ғана барамыз. Тексеру нәтижесін денсаулық сақтау басқармасына тапсырамыз. Олар ұйым басшысына, дәрігерлерге қатысты шара қолданады. Біз тек ұйымдарды жазалай аламыз», - деді Нұрлан Қасымов.

Айта кетейік, өңір тұрғындары медициналық қызметтерге қатысты 1406 Бірыңғай ақпараттық колл-орталық, «Qoldau 24/7», «SaqtandyryBot», ұялы қосымшалар, қордың «fms.kz» сайты, инстаграм және фейсбук әлеуметтік желілеріндегі парақшалар арқылы шағымдана алады.

Еске салайық, 2017 жылдан бері қорға 1,26 трлн теңгеден астам қаражат түсті, Павлодар облысы төлеушілерінің үлесі 54,6 млрд теңгеден астам соманы құрады. Осы жылдың 6 айында Павлодар облысының тұрғындарынан қорға 14,8 млрд теңгеден астам қаржы түсті. МӘМС-ке түскен қаражаттың барлығы халықтың медициналық қызметтерін төлеуге бағытталады.