Ол азаматтарға арзан немесе пайызы төмен ипотекалық бағдарлама қажет
Елімізде баспанаға мұқтаж жандардың саны алдағы 7-8 жылда 10 миллионға жетуі мүмкін. Сондықтан қазірден бастап, күнкөрісі төмен отбасыларға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындау қажет. Бұл туралы кәсіпкерлер мен қала әкімінің кездесу барысында Қазақстан құрылысшылары одағаның төрағасы Талғат Ерғалиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бұл ұсынысын қала билігімен бірлесе отырып, Үкіметке жеткізсек дейді. Оның айтуынша, айлығы шайлығынан аспайтын тұрғындарға пайызы төмен ипотекалық баспана беру қажет. Яғни мұндай бағдарлама қабылдау арқылы тұрғын үй кезегіндегілердің әлеуметтік мәселесін шешуге болатынын айтады.
«Баспанаға мұқтаж боп жүрген азаматтарға арзан ипотека немесе пайызы төмен ипотека қажет. Өйткені ол азаматтар айлықтан айлыққа күн көріп жүргендер. Олардың ақша жинауға мүмкіндігі жоқ. Жалға берген ақшаларын банкке төлесін, 10 жыл арасында несиесін төлеп тастайды. Ол қаражат үкіметке қайтып келеді», - деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.