Ел тұрғындарынан жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты көптеген шағымдар келіп түскен
Автомобиль жолдары комитетінде өткен кеңесте еліміздегі жол мәселесі ең өзекті болып отырған өңірлер аталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі таңда жергілікті желінің ұзындығы 70 мың шақырымды құрайды, оның 80%-ы немесе 56 мың шақырымы нормативтік жағдайда. Ең үздік көрсеткіш Маңғыстау облысында – 95%, ал ең нашар көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында — 39%», - деп атап өтті комитет төрағасы Төлеген Абдуллин.
Сондай-ақ комитет төрағасы соңғы уақытта ел тұрғындарынан жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты көптеген шағымдар келіп түсетінін айтты.
Түркістан облысы Түлкібас ауданы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Асқар Айдарбеков те өңірдегі жол мәселесін көтерді.
«Жолтабандардың ұзындығы 15-20 сантиметр. Жүк көліктері өте көп. Олардың барлығы карьерлерден шығады. Міне, қараңыз, қандай кептелістер. Жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған белгілер жоқ. Бұл мәселелер Сайрам мен Түлкібас аудандарында шешілмей келеді», - деп жеткізді белсенді.
Батыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев жалпы ұзындығы 157 шақырым болатын облыстық маңызы бар «Тасқала-Аққурай-Болашақ» автомобиль жолының 96-157 шақырымын орташа жөндеуге биыл республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінгенін айтты.
«Аталған жолдың барлық ұзындығы жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Қазіргі уақытта 30 шақырымнан астам жол жөнделді. Аққурай ауылы жөндеу жұмыстарымен қамтылады», - деп түсіндірді Айдар Менеев.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының «Көктал-2» тұрғын алабының тұрғыны Мейіржан Айтмұқашев Саумалкөл көшесіндегі 4/1, 8/1 және 6/1 үйлердің аумағындағы жолды жөндеу және абаттандыруды сұрады.
Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мерей Байырхан Саумалкөл көшесіндегі жол жабынын жөндеуге қатысты бұрын берілген ұжымдық өтініштер қаралғанын айтты. Саумалкөл көшесін Баршин көшесінен тұйыққа дейінгі учаскеде асфальттау жұмыстарын биыл 10 қыркүйекке дейінгі мерзімде орындау жоспарланғанын алға тартты.