$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда ақылы түрде киік аулауға рұқсат берілуі мүмкін

Серікқали Брекешев күзде тексеруге 500 бас киік алынатынын айтты

Қазақстанда ақылы түрде киік аулауға рұқсат берілуі мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Экология министрлігі елдегі киік санын реттеуге қатысты көпшіліктен түскен ұсыныстарды қарастырып жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Күн тәртібінде спорттық және әуесқой аңшылықты ұйымдастыру мәселесін қарастырып жатырмыз, бірақ ол келесі жылдың еншісіне қалуы мүмкін. Яғни, бұл ақылы аңшылық болады. Негізінде, ақбөкеннің Қызыл кітапқа енбейтін жануар екені бұған дейін айтылған болатын. Бізде 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін аң аулауға тыйым салынған. Қазір осы мәселе қаралып жатыр, жақын арада, шамамен қазан айының соңына дейін нақты шешімге келеміз», - деп атап өтті Серікқали Брекешев.

Министрдің айтуынша, киік санын реттеуге қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ.

«Бүгінде ақбөкендерді басқа аймақтарға күштеп көшіру мәселесі жиі ұсынылып жатыр. «Оларды атып өлтіргенше, басқа облыстарға айдап жіберейік» дейтіндер де бар. Бірақ өкінішке қарай, мұндай әдісті ғылыми қауымдастық тиімсіз деп танып отыр, себебі киіктерді көшіру кезінде қырылу қаупі жоғары болмақ, оның үстіне, олар бастапқы мекеніне қайта қоныс аудару ықтималдығы жоғары болмақ және т.б. Сондықтан қазірше бұл ұсыныс қабылданған жоқ», - деді Серікқали Брекешев Үкімет отырысынан кейін.

Министрдің айтуынша, қасқыр санын көбейту туралы ұсыныстар да болған. Серікқали Брекешев бұл шара киік санын бірден және бір сәтке азайтуға мүмкіндік бермейтінін айтты.

«Негізі, қасқыр әлсіреген, ауру жануарларды азайтатын жануар. Ол орман тазалығын сақтауда зор рөл атқарады. Сондықтан қасқыр керісінше, популяция сапасын арттыруға үлес қосады: қасқыр ауру жануарларды жеп қойса, табын да сау болып қала береді», - деп түсіндірді министр.

Серікқали Брекешев күзде зерттеуге 500 бас киік алынатынын айтты.

«Бірақ зерттеу жұмыстары ату арқылы жүргізілмейді. Тірі ақбөкендерді аулап, олардан сынама алынады, содан кейін оның бәрі табиғатқа қайта жіберіледі», - деді С. Брекешев.

Серіктес жаңалықтары