Ақтөбеде ұсталған қылмыстық топ мүшелері ХҚКО қызметкерлері емес

Автор: Azattyq Rýhy

Полицейлер «U-Study» ЖШС-нің қызметкерлерін ұстаған

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің әрекетіне қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

19 тамызда Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) азаматтарға жүргізуші куәлігін заңсыз бергені үшін күдіктілерді ұстаған болатын.

ҚР Ішкі істер министрлігінің БАҚ-қа таратқан ақпаратына сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары яғни мамандандырылған ХҚКО-ның қызметкерлері кейбір клиенттердің емтиханға кедергісіз кіруіне көмектескен.

«Теориялық емтихан тапсыру кезінде пайдаланылатын биометриялық жүйеге қызметімен «U-Study» ЖШС айналысады. Сондай-ақ, емтихан тапсыруға келген кандидаттарды тексеру және оларды сынақ өтетін кабинетке кіргізумен де «U-Study» ЖШС қызметкерлері айналысады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Нариман Дүйсекеев.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы өкілдері мамандандырылған ХҚКО-ның қызметкерлерін емес, «U-Study» ЖШС-нің қызметкерлерін ұстаған.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Істер министрлігі Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ азаматтарға жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқаны туралы хабарлаған еді.