Қазақстанда әуе компанияларының қызметі бір жылда 27%-ға қымбаттаған

Автор: Azattyq Rýhy

Кірістің негізгі бөлігі жолаушы тасымалы есебінен түскен

Фото: ашық дереккөзден

Биыл қаңтар-шілде айларында еліміздегі әуе компанияларының кірісі 276,8 млрд теңге болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 189,2 млрд теңге болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Кірістің негізгі бөлігі – 270,6 млрд теңге барлық бағыт бойынша жолаушы тасымалы есебінен алынған. Ал 6,2 млрд теңге жүк тасымалдаудан түскен. Экипажы бар көліктерді лизингке беруден түскен кіріс 3 млрд теңгені құрады.

«2022 жылғы қаңтар-шілдеде әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 5,8 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға артық көрсеткіш. Осы жылдың шілде айында 1,2 млн адам ұшақпен сапарға шыққан, бұл маусым айымен салыстырғанда 7,3%-ға, ал осы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,2 есеге артық көрсеткіш», - делінген хабарламада.

Аймақтық тұрғыдан жолаушылар тасымалының басым бөлігі Алматыға (4 млн жолаушы, бір жылдан 8,8% артық) тиесілі.

Осы жылдың жеті айында жолаушылар айналымы 10,2 млрд пкм құрап, бір жылмен салыстырғанда 29%-ға артқан.

Әуе көлігімен 12,7 мың тонна жүк пен багаж тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,1%-ға аз. Осы жылдың шілдеде әуе көлігіндегі жолаушылар жүгі 2,4 мың тонна болып, маусым айымен салыстырғанда 8,8%-ға артқан.

Жүк айналымы 28,5 млн ткм құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,4%-ға аз көрсеткіш.

Тақырыпқа орай: Қазақстандық әуе компаниясы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ сатып алмақ

Биыл Қазақстанда 50-ден астам жаңа ұшақ сатып алынады. Оның 14-і жыл соңына дейін отандық әуе компанияларының ұшақ паркінде пайда болады. Қалғандарын 2025 жылға дейін сатып алу жоспарланып отыр.