Оқыту барысында қатысушылар ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды үйренген
Ел азаматтарының табысын арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы 14 облыстың ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл шілденің 11-20-сы аралығында Академия еліміздің барлық өңірінде 2135 адамға семинар өткізді. Көшпелі 3 күндік семинарлар «табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында өткізілді. Оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды, ауылдың мамандануын анықтауды үйренген.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округінің әкімі Бақыт Иманбеков мұндай семинардың алғаш рет өткенін айтып, біліктілігімізді арттырдық дейді. Әкім ауыл халқының бизнеске белсене араласауы үшін қандай жеңілдіктердің жасалуы керек екенін алға тартты.
«Семинардың басты мақсаты – 2023-2025 жылдық бағдарлама бойынша халықтың табысын арттыру. Гүлмира Серікмұратқызы деген білімді маман сабақ өткізді. Біз халықпен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз ғой. Көп жағдайда бір кәсіп бастау үшін азаматтар несие сұрап жатады. Бірақ жеңілдетілген кредитті алар алдында бизнес-жоспардың қалай жазылатынын, маркетингті қалай жүргізуін білмейді. Әкім ретінде өзіміз де шала-шарпы білетінбіз. Осы сабақта білімімізді тереңдете түстік. Мұндай семинар бірінші рет өткізіліп отыр. Түйгеніміз көп болды. Енді семинарға қатысушы ауыл бизнесіне өз бетінше скрининг ұйымдастырып, жүргізе алады. Семинарда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін осал топтарға алдағы уақытта 2 жарым пайыздық несие берілу мүмкін деген мәлімет те айтылды. Қазір жеңілдетілген несие алу үшін қалада кепілге қоятын үйіңіз болуы керек. Ал ауылда қарапайым халықтың 85 пайызы банкке келіпілге қоятын мүлік таппайды. Осы тұста, ауылдық жерлердегі кісілерге кепілдікті екі ортада әкімдік беру керек деп есептеймін. Мұны оқыту барысында да ашық айттым. 3 мың 200 халқы бар баши ауылдық округінде биыл бір ғана шаруа қожалығы мал басын көбейтемін деп 4 пайыздық несиеге ілікті. Жыл аяғына дейін тағы екі адам алуы мүмкін. Несие алуға ауылдық жерде кепіл мәселесі үлкен кедергі келтіреді», - деді Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округінің әкімі Бақыт Иманбеков.