Алматы аумағында рұқсат етілмеген 13 қоқыс орны анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай орындарды анықтау спутниктік желінің көмегімен іске асады

Фото ашық дереккөзден

Алматы аумағында рұқсат етілмеген 13 қоқыс орны анықталыпты. Олардың әрқайсысы ғарыш сапары бойынша тіркелген. Қазіргі таңда 8 қоқыс орны тазартылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Экологтардың айтуынша, айналаны қоқысқа айналдырған адамдардың өздері.

«Жақын маңда ешқандай тұрғын үй жоқ. Өзіміздің халық төгіп кетіп жатады. Көбіне түнгі уақытта, үлкен жүк машиналарымен келіп қоқыс төгеді. Осындай жабайы қоқыс, қалдықтар орны солай пайда болып жатады. Енді онымен қолдан келгенше күресіп жатырмыз», – деді Түрксіб ауданы экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Нұрдан Дүйсекеев.

Арнайы техника да жұмылдырылған. Мұндай орындарды анықтау спутниктік желінің көмегімен іске асатынын айта кеткен жөн. Ал тұтынуға келетін қалдықтарды залалсыздандыру, оны кәдеге жарату – негізгі шара.

«Ауа транспорт прокуратурасы бізге хаттаманы жіберген болатын. Сол бойынша біз мониторингке шығып, жабайы қоқысты таптық. Осы жерде Түрксіб ауданы аппаратымен бірлесіп, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді қалалық экология департаментінің маманы Әділ Нұрпейісов.

Экологтардың айтуынша, маман жұмысын істегенімен, адам өз әрекетін бақылауға алуы керек. Сонда ғана үйінді азайып, қалдық кәдеге жарайды.