Қазақстанға коронавирустың кез-келген штамы келуі мүмкін

Автор: Әйгерім Ердәулет

Қазір елде стелс-омикрон мен дельта-штамы жүр

Фооколлаж

Бүгінде елімізде 21 мың 514 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 918 пациент стационарда, 20 596 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жүр. 37 адамның жағдайы ауыр болса, 3 пациенттің жағдайы өте ауыр, 4 науқас өкпені жасанды желдететін аппаратпен тыныстап жатыр.

Пандемия басталғалы бері 3 жылдың ішінде 1 миллион 471 мың  733 адам ковидпен ауырған.  Соның ішінде 19 мың 32 адамның ажалы дәл осы инфекциядан келді. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Сәулет Қапсаламова соңғы аптада КВИ жұқтырғандардың саны едәуір басылып келе жатқанын айтты. Бірақ, эпидемиологиялық ахуалдың кез-келген уақытта өршіп кетуі мүмкін екенін ескертті.

«Соңғы тәулікте 956 адам коронавируспен науқастанғаны белгілі болды. Бұл ретте тәуліктік сырқаттанушылықтың 39,3%-ы 3 өңірге келеді:

- Нұр-Сұлтан қаласы – 163 (0,1%);

- Қарағанды облысы - 118 (0,1%);

- Батыс Қазақстан облысы - 93 (0,2%);

Ең үлкен өсім Батыс Қазақстан облысында байқалады - 93 (0,2%).

Соңғы 7 күнде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың төмендеуі республиканың барлық өңірлерінде байқалады, барлық өңірлер эпидемиологиялық бағалау матрицасының жасыл аймағында орналасқан»,-дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Сәулет Баймұхаметқызы.

Бас сарапшы елімізде қазір ең ауыр «стелс-омикрон» штамы жүргенін еске салды. Бұл штамды ересектер маусымдық аллергия мен жаздыгүні балалардың іш өтуімен шатыстырып алмаған жөн.

«Қазіргі таңда Қазақстанда омикронның «стелс-омикрон» штамы айналымда, сондай -ақ дельта-штамының аз пайызы. Өздеріңізге белгілі, коронавирус үшінші жыл қатарынан әлемді күйзеліске ұшыратып отыр. 2020 жылы Альфа, Бетта, Гамма штамдары пайда болды, 2021 жылдың басында Дельта штамдары, ал жыл соңында Омикрон штамы пайда болды. Бұл штамм басқа штамдарға қарағанда 7 есе тез беріледі. Сонымен қатар, бұл штамның ерекшелігі инкубациялық кезеңінің қысқаруы, яғни омикронның жоғары тыныс жолдарына түсуі мен симптомдардың пайда болу аралығы 2-5 күн ғана. Инфекцияның алғашқы белгілері әдеттегі респираторлық инфекцияға ұқсас. Пациенттердің 80%-ы тамақ ауруы, түшкіру мен ринореяға (мұрын қуысының қабынуы) шағымданады. 1-2 күннен кейін жоғары қызба, жөтел, әлсіздік, бас ауруы қосылады. Кеудедегі ауырлық, ентігу жүрек қан-тамыр немесе тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар науқастарға тән келеді.

Омикрон штамының тағы бір ерекшелігі - балалар арасында жиі таралуы. Балаларда тыныс жолдарының зақымдануымен қатар тері бөртпелері, іштің өтуі болуы мүмкін.

Қазақстанның көптеген мемлекеттермен әуе жолы және жер үсті көліктері арқылы қатынасы тығыз болуына байланысты Қазақстанға кез келген штамның келуі ықтимал»,-деді сарапшы.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияның толық курсын алған адамда коронавирустың S-ақуызына қарсы антиденелер қалыптасады. Бірақ,бұл антиденелер адамның тікелей иммундық жүйесіне қарай әр түрлі мөлшерде түзіледі. Екпе алған адамның да вирусты жұқтыру жағдайы көптеп кездесетіні де содан дейді.

"Әрбір адам ағзасының ерекшеліктеріне, яғни иммундық жүйесінің жағдайына байланысты антиденелердің деңгейі де әртүрлі болуы мүмкін. Егер егілген адамда жалпы иммундық жүйесінің әлсіздігі бар болған жағдайда, вакцина әсерінен түзілген антиденелердің деңгейі төмен болуы мүмкін. Алайда, түзілген антиденелер аурудың ауыр салдарынан қорғай алатыны белгілі. Сол себептен, вакцинацияланған адамдар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары өте сирек кездеседі, ауырып қалған адамдарда ауру жеңіл түрде өтеді", - деді Сәулет Қапсаламова.

Сонымен қатар, әлемдік практикаға сәйкес екпе алған адамдарда шамамен 6 айдан соң антиденелердің мөлшері төмендей бастайды. Ол еліміздегі ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуына алып келеді. Сондықтан, сарапшы соңғы екпеден кейін 6 ай өткен соң қайта егілудің маңызы зор екенін еске салды.

Осы уақытқа дейін 10 миллион 550 мыңнан астам ел азаматы екпенің екі дозасын салдырса, ревакцинациядан 5 миллион 373 мың 636 адам өткен.