Жиһаздар сынған, іші лас: «Жастар рухы» жатақханаларға мониторинг жүргізе бастады

Автор: Azattyq Rýhy

Акцияның мақсаты – жоғары оқу орындары мен колледж жатақханалары жағдайының сапасын арттыру

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Жатақханалардың жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты республика бойынша ЖОО және техникалық, кәсіптік білім беру мекемелеріне қоғамдық  мониторинг жүргізуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Акцияның мақсаты – жоғары оқу орындары мен колледж жатақханалары жағдайының сапасын арттыру, санитарлық нормалар мен қауіпсіздік шараларын сақтау.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Esil университеті мен ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінің жатақханаларына мониторинг жүргізілді. Esil университетінің жатақханасын тексеру барысында санитарлық нормаларға сай келмейтін жағдайлар кездесті.

Аталған оқу орнының жатақханасы 3 қабаттан тұрады, жоба бойынша 235 орынға есептелген. Студенттер жатақханада тұру үшін айына 20 мың теңге төлейді.

«Қазір жатақхана ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде ең бірінші орында әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтағы 1-курс студенттері орналасады. Екінші орында – алыс аймақтан келген студенттер. Осы күнге дейін 250 адамнан өтініш түсті. Егерде студенттердің саны көбейіп жатса, қонақүймен келісім шарт жасаймыз. Баспанасы жоқ жас мамандарымызға да жатақханада тұруын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді Esil University-нің Әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Айжан Тұяқова.

Бір бөлмеде 4 жатын орын бар және әр қабатта ас бөлме орналасқан. Студенттердің қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары жұмыс істейді. 1-қабатта – ұлдар, 2-қабатта қыздар орналасады. Ал 3-қабатта жоғары курстың студенттері тұрады. Жатақханада 8 қызметкер жұмыс істейді.

«Жастар рухы» жастар қанатының мүшелерімен жастарды толғандыратын тұрғын үй және жатақхана мәселесін қарастырып жатыр. Бүгін біз Esil университетінің жатақханасына мониторинг жүргіздік. Мекеме санитарлық нормаларды толық сақтамаған. Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Ал бұл жерде жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бір-екі күнде студенттер жатақханаға орналасуға өтініш бере бастайды.

Алдағы уақытта «Жастар рухы» еліміздегі ЖОО, колледждердің жатақханаларын тексереді. Биыл Қазақстан бойынша 89 мың, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 17 мыңға жуық жатақхана орындары жетіспейді. Жатақханаға орналастыру кезінде жемқорлық немесе  туысқандық, таныстық фактілері болмауы үшін «Жастар рухы» арнайы желі қосып, шағымданған және арызданған азаматтарға көмек қолын созуға даяр. 26 тамыздан бастап осы жұмысты ұйымдастырамыз, оған дейін жатақханаларға мониторинг жасаймыз»,  дейді Нұржан Жетпісбаев.

ҚазЗГУ гуманитарлық заң колледжінің жатақханасында жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Колледж директоры Раушан Елеусізованың айтуынша, оқу орны жекеменшік болғандықтан жеке жатақхана қарастырылмаған. Сондықтан аталған мекеме қонақүйді 4 жылдан бері жалға алып келеді.

Жатақхана төрт қабатты. Бірақ санитарлық нормаларға мүлде сәйкес келмейді. Дәретхана, жуынатын бөлмелерге көп уақыт жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бөлме ішіндегі кейбір жиҺаздар ескірген, сынған.

Тексеріс кезінде оқу орнының жаңа оқу жылына дайын емес екені анықталды. Бірақ мекеме басшылығына жалға алған қонақ үйдің иесі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталатынын жеткізген.

Айта кетсек, әр аймақтағы «Жастар рухы» ЖҚ өкілдері жатақхана алу барысында келеңсіз жағдайға тап болған (заңсыз түрде орын бөлу, жемқорлық фактілері және т.б.) студенттерге жан-жақты қолдау көрсетеді.