Маңғыстау облысындағы мұнай өңдеу компаниясына жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі

Azattyq Rýhy

Ақтаулықтар смартфондағы арнайы мобильді қосымша арқылы ауадағы азот диокисидінің мөлшері шектен асып кеткенін анықтаған

Маңғыстау облысындағы мұнай өңдеу компаниясына жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі
фото: www.belge.com

Маңғыстау облысында тұрғындардың шағымы бойынша мұнай өңдеу компаниясына жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтау тұрғыны құзырлы мекемелерден қаладағы жағымсыз иістің шығу көзін анықтап, тиісті шара қолдану керектігі туралы өтінішін облыс әкімдігінің телеграмм каналына жазған. Аталған сауалға Экология департаментінің мамандары жауап беріп, қазіргі таңда сынамалар алынғандығын хабарлады.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары аталған жағдайға байланысты күндізгі және түнгі мерзім аралығында қала аумағы мен өндірістік аймақтарының атмосфералық ауасынан сынама алып, мониторинг жүргізген. Алынған сынамалар нәтижесі бойынша ластану көздері анықталды.

«Қазіргі таңда Маңғыстау облысының прокуратурасы ұсынымы негізінде мұнай өңдеу компаниясына қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындау жұмыстары жүргізілуде. Заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті шаралар қабылданып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады»,- дейді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары.

«Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ мониторинг бөлімінің маманы Ақмарал Құлтымаева пікір білдірді.

«Ауадан кешке қарай жағымсыз иістің шығуы тұрғындарды алаңдатты. Көбісі смартфондағы арнайы мобильді қосымша арқылы ауадағы азот диокисидінің мөлшері шектен асып кеткенінін жазды. Осыған байланысты, экология департаменті ауадан сынама алып, тексерген. Егер, аталған факт анықталса, шаралар қолданатынын жеткізді»,-деді «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ мониторинг бөлімінің маманы Ақмарал Құлтымаева.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.