Алматыда есірткі өсіріп, оны саудалап келгендер ұсталды
Олар есірткіні өндірумен де айналысқан
Полицейлердің қолына 2002 жылы туған М. есімді азамат пен оның серігі – 2001 жылғы А. есімді азаматша түсті. Олар қаланың Түрксіб ауданындағы Майлин көшесінде қалтасы толы естірткімен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Күдіктілердің қолында бірнеше қалташа болды, оның ішінде өсімдік тектес заты бар 120-дан астам бума және шөпті дозаға бөліп, орауға арналған жабдық бар. Тәркіленген заттай айғақтар бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды. Жұптың тек есірткі таратумен ғана емес, өндірумен де айналысатыны анықталды. Соңғы іс-әрекеттерінде олардың, былайша айтқанда, сыбайластары бар. Олар да жұп. Ер адам – 35 жаста, оның құрбысы әрі «әріптесі» небәрі – 23 жаста. Олар Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы өз үйінде қылмыстық өндірісті бастаған. Осы мақсатта бөлмелердің бірін пайдаланған. Ол жерде, өз аймақтарында өсірілген шикізатты өңдеген», - деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Әлмағамбетов.
ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша, есірткі зертханасының жұмысында пайдаланылған құралдар, дайын шикізат, бұталар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
«Сонымен қатар, сот-химиялық сараптамаға нашақорлар арасында «саңырауқұлақ» деп аталатын сұр зат жіберілді. Ал күдіктілер қамауға алынды. Есірткі зертханасы жойылды. Қазіргі уақытта әшкереленген есірткі сатушылардың тұрақты «клиенттерінің» шеңбері құрылуда», - деді Ерлан Әлмағамбетов.