Оқушылар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн мектепке барады

Автор: Әсел Оршыбекова

Жаңа оқу жылында мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілді

Фото: ашық дереккөзден

Жаңа оқу жылында елімізде 7 637 мектеп барлығы 3,6 млн балаға білім береді. Биыл 1 қырқүйекте басталатын оқу жылы 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталады. Сонымен қатар 1-сыныптың бағдарламасына бірқатар жаңа пәндер қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтты.

«Жазғы демалыстың ұзақтығы білім саласындағы көшбасшы елдермен салыстырғанда ең ұзақ болып – 92 күнді құрайды. Жалпы, бір оқу жылында балаларға 4 рет демалыс қарастырдық. Оған қоса демалыс және мереке күндерін есептегенде балалар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн мектепке барады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Жаңа оқу жылында мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Арнайы зерттеулер мен сараптамалардың қорытындыларына сәйкес, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілінде, ал орыс тілді мекетептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды. Қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады. 

Сонымен қатар, министр «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері 1-ші сыныптан  бастап енгізілетінін мәлімдеді. Ал музыка пәнінің шеңберінде 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыра аспабында ойнауды үйрене алады. Сондай-ақ, мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға мүмкіндік беріледі.

Биылдан бастап білім беру ұйымдарының басшыларын ротациядан өтеді.

«Қазірдің өзінде 431 директор ротациядан өтті. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары да іске асырылып жатыр. Жұмысқа қабылдау енді конкурс бойынша педагогтің білімі, еңбек өтілі, біліктілік санаты және кәсіби жетістіктері сияқты критерийлердің негізінде жүргізіледі. Бұған қоса педагогтерді Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жұмысқа алу тәртібі қабылданды. Яғни енді дипломның ғана негізінде емес, қосымша өз пәні бойынша тестілеуден өткендерді ғана мектепке жұмысқа қабылдаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.