Декларацияланбаған тауардың жалпы салмағы 823 тоннаны құрады
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері «Қапланбек» кеден бекетінде жүзімді контрабандалық жолмен әкелу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы министрлігіне қарасты комитет хабарламасына сүйенсек, жазғы маусым кезеңінде импорттық әлеуетті дамыту және арттыру мақсатында жеміс-көкөніс өнімдерін импорттаушыларға қатысты тағайындалатын тексерулер саны азайған.
Бұл ретте, мұндай жүктерге қатысты кедендік бақылау жүргізу уақыты жедел тәртіппен қаралады.
«Мәселен, кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде, егер көлік құралына тез бүлінетін тауарлар тиелген болса, тауарларды көлік құралының жүк бөлігінің бүкіл ұзындығы бойынша дәліз әдісімен ішінара түсіру жүзеге асырылады. Мұндай жүктерді кедендік жете тексеруді жүргізу уақыты 40 минуттан аспайды», - деп түсіндіреді мамандар.
Сонымен қатар СЭҚ-тың кейбір қатысушылары берілген жеңілдіктерді пайдалана отырып, тауарларды заңсыз әкелу үшін астыртын схемаларды пайдаланады.
«Мысалы, 11 тамызда Ахуалдық орталық тағайындаған кедендік жете тексеру кезінде тек 6 көлік құралында 90 тоннадан астам декларацияланбаған жүзім тауары анықталды. Жалпы, жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша МКД кеден бекеттерінің қызметкерлері жүргізген кедендік жете тексеру нәтижесінде 879 кедендік заңнаманы бұзу фактісі анықталды, декларацияланбаған тауардың жалпы салмағы 823 тоннаны құрады», - делінген комитет хабарламасында.
Негізінен, кедендік төлемдерді төлеуден жалтару мақсатымен ипорттаушылар декларацияда неғұрлым арзан тауарларды мәлімдейді.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілікке тартылды.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті шекарада тұрып қалуға жол бермеу мақсатында СЭҚ қатысушыларды кеден заңнамасын сақтауға және декларациялау кезінде әкелінетін тауарларды анық мәлімдеуге шақырады.