Сонымен қатар оған құқық қорғау органдарында өмір бақи қызмет етуге тыйым салынды
Атырау қаласындағы Авангард мөлтек ауданында 4 жігітті атып тастаған маңғыстаулық азаматтың қанды оқиғадан бұрын қарумен жүргені туралы полицияға хабарланған. Алайда учаскелік полицей дер кезінде әрекет етпепті. Бүгін Атырау қаласының екінші соты кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторына үкім кесті. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оның үстінен балаларынан айырылған ата-аналар шағымданған болатын. Сотта зардап шегуші азамат полиция учаскесіне барып, бұрынғы жұбайының азаматтық некедегі жолдасы балаларын ұратынына қатысты шағымданған. Және оның баласы да үйінде тапанша мен оқ-дәрі барын ескертіпті. Ол полицейдің кеудесіндегі бейнетіркеуіште дәлелденген.
Сот «қару сақтау дерегі жөнінде хабарламаға немқұрайлықпен қарап, ешқандай әрекет жасамаға» 36 жастағы полиция капитанына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Және құқық қорғау органдарында өмір бақи қызмет етуге тыйым салды.
«Ниматов нақты көрсеткен сізге Бауыржан Қарада пистолеті бар, тапаншасы бар, баланы қалай олармен жіберемін? Осындай жағдайда қалай, не істеуге болады деп. Сіз қазір сотқа, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басынан бастап, кінәңізді мойындамай, құлағым естімей қалды, құлағым ауырады деп. Оны енді жазбада анық көрсетіліп тұр», - деді Атырау қаласы №2 сотының судьясы Ержан Әліпқалиев.
Естеріңізге салайық, жұртты дүр сілкіндірген қанды қылмыс наурыз айында болды. 29 жастағы жігіт ақ түсті Renault Duster көлігіндегі адамдарға тапаншамен оқ жаудырған. Салдарынан 3 жігіт оқиға орнында қаза тауып, біреуі ес-түссіз күйде жансақтау бөлімшесіне жеткізілді. Күдікті қашып бара жатқан жерінен ұсталып, тергеу абақтысына қамалған болатын. Күдіктіге қатысты іс әлі сотқа жеткен жоқ, тергеу амалдары жүріп жатыр.