Атырауда 8 бала өрттен құтқарылды
Мамандардың айтуынша электр сымдарының қысқа тұйықталуы өртке себеп болуы мүмкін
Атырау қаласының өрт сөндірушілері 14 адамды, оның ішінде 8 баланы өрттен құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«15 тамыз күні сағат 13.44-те Атырау қаласы, Сәтпаев көшесі, 23 үй мекенжайында пәтер жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен кезде, 5-ші қабаттағы 12 шаршы метрлік пәтерде үй заттары, жиһаз және тұрмыстық техника жанып жатқаны анықталды», деп көрсетті Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы.
Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен баспалдақ маршы бойынша подъездің пәтерлерінен 14 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды.
Сағат 14.08-де өрт сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің алдын ала себебі-электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
Өрт сөндіруге Атырау облысы ТЖД 6 қызметкері, 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.