$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда 10 мың тұрғыны бар «Премьера» тұрғын үй кешені сусыз отыр

Оның алдында 3 апта ыстық су болмапты

Алматыда 10 мың тұрғыны бар «Премьера» тұрғын үй кешені сусыз отыр

Алматының Наурызбай ауданында орналасқан «Премьера» тұрғын үй кешенінде суық су ұдайы тоқтап қала беретін болған. Әсіресе, көпшілік жұмыстан келген кешкі уақытта судың қысымы бәсеңдеп, жоғары қабаттарға мүлдем жетпей қалады. Жыл сайын жаздыгүні бір айға ыстық судың өшетініне, 4 жылдан бері ауладағы бір шамның жанбайтына көніп келген тұрғындар жауаптылар енді ауыз судан тарықтырып жатқанын айтты. Суды бөтелкемен тасып әлек болған бұқара шағым айтпаған жері қалмағанын қоса жеткізді. Олар су қысымының төмендеу себебін сол ауданда салынған өзге де тұрғын үй кешендерімен байланыстырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Alma city тұрғын үй кешені салынғалы суық су қиындығы туындады. Кез-келген уақытта су тоқтап қалады. Кешке мүлдем болмайды. Жұрттың ішетін суы жоқ, түсінесіз бе? Дәретханада да ағызатын су жоқ. Бұл сұмдық жағдай. Ал судың ақысын кешіктірмей төлейміз», - дейді тұрғын Татьяна Шишкина.

«Эпидемиологиялық жағдай болса өте нашар болып бара жатыр. Коронавирус өршіп барады. Ал біз қолымызды жуа алмаймыз. Мүмкіндігіміз жоқ. Тұрғый үй кешенінде кішкентай балалары бар жас отбасылар көп. Сондықтан, су керек. Оның алдында 3 апта ыстық су болмады. Енді суық су жоқ. Масқара ғой. Алматы қаласында тұрамыз. Ал жағдайымыз осындай», - деді тұрғын Махаббат Омарова.

«Жазда 20 күн ыстық су болмады. Өйткені, жылу қазандығында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді бірінші тамыздан бері ауыз су да жоқ. «Алматы Су» мекемесіне, әкімдікке хабарластық. Олардың айтуынша, небәрі 4 ұңғыма бар. Судың қысымы жоғары қабаттағы пәтерлерге жетпейді. Өйткені, Наурызбай ауданында көптеген тұрғын үйлер салып тастаған. Соның барлығын үй салмай тұрып, есепке алуы керек еді», - деді «Премьера» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Бақыт Жманқызы.

«Алматы су» мекемесі тұрғындардың сусыз қалуына «Qazaq stroy» құрылыс компаниясының «Alma city-5» тұрғын үй кешенін пайдалануға бергенімен байланыстырады. Яғни, сумен жабдықтау жүйесіне дәл осы кешен қосылғалы, судың қысымы бәсеңдеп кеткен.

«2022 жылдың тамыз айының бірінші он күндігінде «Премьера» ТК-нің тұрғындарынан судың әлсіз қысымына қатысты шағымдар түсе бастады. Тексеру барысында «Alma city-5» тұрғын кешеніндегі жаңа үйлердің сумен жабдықтау жүйесіне қосылуына және жаңа қазандықтың пайдалануға берілуі себепті берілетін су көлемінде тиісті қысымның жеткіліксіздігі анықталған.

Желілердегі қысымды тұрақтандыру үшін «Алматы Су» МКК тиісті қызметтерімен қосымша ұңғымаларды пайдаланымға беру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп, 10 тамызда аталған қосымша ұңғыма іске қосылып, Наурызбай ауданының осы бөлігінің сумен жабдықтау жүйесіне біріктірілді», - деп мәлімдеді «Алматы су» МКК баспасөз қызметі.

Суық сумен қамтамасыз еттік деген «Алматы су» мекемесі мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тұрғын үй салған «Qazaq stroy» компаниясымен тағы бір ұңғыманы саламыз деп уәде етті.

«Alma city» және «Премьера» тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ Шұғыла шағын ауданындағы жаңадан салынған көп қабатты үйлерді сумен жабдықтау үшін «Qazaq stroy» ЖШС компаниясымен 5 ұңғыманы бұрғылау арқылы «Премьера» сорғы станциясын кеңейту жұмыстары жүзеге асырылып, бұрғыланған ұңғыманың бірі іске қосылды.

«Qazaq stroy» ЖШС күшімен тамыз айының соңына дейін тағы бір ұңғыманы іске қосу жоспарлануда. «Qazaq stroy» ЖШС ақпаратына сәйкес, қалған 3 ұңғыма бойынша барлық қажетті техникалық жұмыстарды 2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деп мәлімдеді «Алматы су» МКК баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары