ШҚО аумағында археолог Зейнолла Самашевтың тобы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр
Күршім ауданындағы обаны қазу барысында ат әбзеліне арналған алтын әшекейлер табылған. Жылқының сақ тайпасынан шыққан патшаға тиесілі болғаны анықталып отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy altaynews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сондай-ақ, алғаш рет металл үзеңгі табылды, онда барыспен аң аулау сәті бейнеленген. Қорғанның өзі тоналғанымен, екі жасырын орны сақталып қалған. Табылған жәдігерлер мұражайға қойылды.
Одан бөлек, ғалымдар музыкант-жауынгердің кескін-келбетін және ежелгі музыкалық аспаптарды қалпына келтірді. Бұлар Елеке сазы алқабындағы қорғандардың бірінен табылған. Алдағы уақытта ұлттық аспап шеберлері өңірімізге шақырылып, олар домбыра «атасының» көшірмесін жасап, үнін шығарады.
Қазба жұмыстары әлі де жалғасуда.