Астана LRT бойынша Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның ісі сотқа жолданды
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Прокуратурасы хабарлады
Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға және олардың сыбайластарына қатысты айыптау актілерін бекіту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазіргі уақытта Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) 304-бабында көрсетілген тәртіпке сәйкес, айыптау актілері қолхат беру арқылы қылмыстық процестің барлық қатысушыларына, оның ішінде айыпталушы Сұлтанбеков пен Арданның қорғаушыларына табысталды.
Сұлтанбеков пен Ардан шетелде жасырынып, Қазақстанның құзырлы органына келуден жалтарып жүр. Соған байланысты Прокуратура ҚІЖК 304-бабы 2-бөлігін басшылыққа ала отырып, оларға қатысты қылмыстық істің сотқа жолданғаны туралы осы хабарламаны жариялайды.
Естеріңізге саламыз, бұдан дейін прокуратура ҚІЖК талаптарына сәйкес қазақстандық және шетелдік БАҚ-та хабарлама орналастыру арқылы Қ.Сұлтанбеков пен Т.Арданға сұрақ-жауап алу және олардың іс-әрекеттерінің деңгейі туралы қаулыны жариялау үшін құзырлы органға келу қажеттігін жария еткен болатын.
"Алайда белгіленген уақытта Сұлтанбеков пен Ардан келмеді және оған қандай себеп болғанын хабарламады. Бұған қоса, қолданыстағы заңнамада егер сотқа тартылушы Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде болған жағдайда және сотқа келуден жалтарса істі сотта талқылау қарастырылған (ҚІЖК-нің 335-бабы)", - деп көрсетті Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.