Жыл басынан бері Қазақстанда 198 806 шетелдік ЖСН рәсімдеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркелген азаматтардың ең көп саны келген мына елдерден: Өзбекстан – 91 454, Ресей Федерациясы – 74371, Тәжікстан – 7896, Қырғыз Республикасы – 4470 және Украина – 1520.
«Шетелдік азаматтың Қазақстанда жүзеге асыратын белгілі бір операциялары үшін ЖСН рәсімдеуі керек. Бұл жұмысқа орналасу, Қазақстанда есепшот тіркеу, мүлік рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерді алу және т.б. үшін қажет. Мысалы, Германияда ЖСН алу тәжірибесі 2007 жылдан бері бар. Яғни, бірыңғай жеке салық нөмірі Германияда жұмысқа орналасуға өтініш бергенде, түрлі жеңілдікке өтініш бергенде, салық мәліметтерін ұсынғанда, банктік шоттарды, банк карталарын тіркеген кезде және көптеген басқа мәселереде қажет етіледі. Мұндай тәжірибе Еуропа мен АҚШ-тың барлық дерлік елдерінде де бар. Бұл стандартты процестен әлем бойынша барлық шетелдік өтеді», - деді ІІМ.
Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылдың қаңтарынан бастап елге 2 134 598 шетелдік, оның ішінде туризм және білім беру мақсатында келгендер де бар. Елімізден 2 529 424 шетелдік кеткен.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін басқа мемлекеттердің 40 831 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот 3519 шетелдікті Қазақстаннан шығарды. Елден шығарылғандардың бәріне бес жылға дейін елге кіруге тыйым салынады.