Бақытжан Сағынтаев тағы бір жауапты қызметке тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

 Ол 2019-2022 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған болатын

Фото: ашық дереккөзден

ЕуроАзиялық ынтымақтастық Қаржы-бизнес қауымдастығының кезектен тыс жалпы отырысында Бақытжан Сағынтаев қауымдастықтың Бақылау кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сондай-ақ ЕАЫ ҚБҚ президенті болып SLC-Rus негізін қалаушы Ли Шобин (Қытай) сайланды.

Айта кетсек, ЕуроАзиялық ынтымақтастық Қаржы-бизнес қауымдастығы – қоғамдық үкіметтік емес ұйым. Еуразияның 26 еліндегі кәсіпкерлердің қаржы-банк және іскерлік одақтарын, коммерциялық ұйымдар мен банктерді, қоғамдық және ғылыми-өндірістік бірлестіктердің басын біріктіреді.

Еске сала кетейік, 58 жастағы Бақытжан Сағынтаев 2019-2022 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бұл қызметтен басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылған болатын.

2022 жылғы 1 маусымда Б. Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі болып тағайындалды.