72 жастағы азаматты құтқарушылар екі күн бойы іздеген
Қызылорда облысында мал іздеуге шыққан 72 жастағы азаматтың денесі екі күннен кейін ауыл маңындағы каналдан табылды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1950 жылғы азамат Жалағаш ауданы Мәдениет ауылы маңындағы фазенда аумағынан 9 тамызда мал іздеуге шыққан. Содан із-түзсіз кеткен.
«Осыған байланысты Жалағаш ауданы Мәдениет ауылынан 4 шақырым жерде іздеу жұмыстары басталды. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы, төтенше жағдайлар департаменті мамандары қатысты. Сондай-ақ, іздестіру шарасына аудандық полиция бөлімі қызметкерлері, туыстары, жергілікті тұрғындар атсалысты. 11 тамызда сағат 10:05-те ауыл аумағындағы «Мәдениет» суару каналында төмен ағысқа қарай аталған азаматтың мәйіті табылып, судан шығарылды», - делінген хабарламада.