«Салық ұстау басталды ма?»: Кәсіпкерлер мобильді аударымдардан жаппай бас тартып жатыр
Ал мамандар даурығуға еш негіз жоқ дейді
Шенеуніктер «мобильді аударымдар үшін салық алынбайды» деп сендірсе де Нұр-Сұлтан мен Алматы секілді ірі қалалардың базарларында сауданы тек қолма-қол ақшамен жүргізетін кәсіпкерлер көбейіп барады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері мобильді аударымдар бақыланады дегенді естіген олар «жеке ақпаратымыз салық қызметкерлеріне беріле ме?» деп күдіктенеді. Алайда жауаптылар мобильді аударымдарды бақылау кәсібі бола тұра, салықтан жалтаратын азаматтардың жолын тыю үшін жасалған амал дейді. Ол үшін қазір арнайы заң жобасы да әзірленіп қойған.
Төлемді тек қағаз ақшамен аламыз деп өздігінше заң шығарып алған саудагер көп. Мәнісін сұрап, үңілсек, «салық ұстайды» деп күдіктенеді. Елордадағы қара базардың бәрінде болмаса да, кейбірінде тек қолма қол ақша алатын саудагер жетерлік. Алматының автобөлшек сататын атақты сауда орнында төлем жасау түрі саудагердің көңіл хошына қарай екен. Барлық төлем түрлері бар, бірақ көбіне ақшалай алады. Ал мамандар даурығуға еш негіз жоқ дейді. Өйткені, үш ай бойы айына кемі 100 түрлі адамнан үздіксіз ақша аударылып отырған азаматтар ғана бақылауға алынады. Егер сол азаматтың кәсібі бары анықталса мамандар электронды сауда жасап, салық төлеуді ескертеді. Ал туған күнге, құдалық, той-томалаққа деп жіберіп отырған аударымдарға ешқандай салық салынбайды. Жауаптылар биыл тек мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайының есепшоттарын бақылаймыз деп отыр.
«Көп азаматтар дүкенге барған кезде қолма-қол ақшамен төле, не болмаса перевод жаса деп айтуға ешқандай кәсіпкердің құқығы жоқ. Себебі кәсіпкердің ондай құқығы жоқ. Бірінші кезекте әрбір азамат ол тұтынушы. Сондықтан, ол тұтынушы ретінде әрбір тауар түрін сатып алғанда, түбіртекті талап етуге құқығы бар», - дейді ҚР Қаржы Министрлігі Басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Салық комитетінің мамандары азаматтың заңды тұлға ретінде тіркелгенін екінші деңгейлі банктер арқылы анықтайтын болады. Егер заңды тұлға екені расталса әуелі "сауданы мобильді төлем арқылы жасау керектігі туралы" хабарлама жібереді. Одан бөлек, тоқсан сайын заңды тұлғаның есепшотын бақылап отырады. Яғни, аударым арқылы сауда жасағанның өзінде мамандар кірісін бақылай алады. Бірақ, мамандар аударылған ақшаның жәй аударым емес, сауда жасағаны үшін түскен ақша екенін дәлелдеуі керек. Яғни, ара-тұра туысыңызға немесе жақын адамыңызға аударған ақша үшін салық төлеудің қажеті жоқ.