Дегенмен, ғимарат 2027 жылға дейін сүрілетін үйлердің тізіміне кірмейді екен
Елордада 50 жыл болған жатақхана құлаудың сәл алдында тұр. Ғимараттың қабырғасы үгітіліп жатыр. Ал көктің иісінен бүлдіршіндер де шетінен дімкәс деп, ата-аналар жыларман болып отыр. Үйдің 65 пайызы апаттық жағдайда деп танылса да, әкімдік әрекет қылуға асығар емес. Бұлай жалғаса берсе, күндердің-күнінде майып боламыз ба деп қорқады тұрғындар. Жатақхана тұрғындары жанайқайын КТК арнасы арқылы жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорданың оң жағалауында орналасқан жатақхана жарты ғасыр жасаған. Содан болар, қарт адамдай күйі кетіп күйреп тұр. Үйдің түсі де тым сұрықсыз. Іргетасын әдейі үңгіп тастаған ба дерсіз. Ал, қатты жел тұрған кезде мұндағы тұрғындардың тіпті зере-құты қашады.
Үйдің жағдайы өте нашар. Азаматтар үйдің жыртығын жамау мүмкін емес дейді. Сондықтан елорда әкімдігінен сүріп тастауды сұрап отыр. Үйдің 65 пайызын апатты деп растаған құжаттары да бар. Сарапшы компанияның ол шешімді шығарып бергеніне жыл өтсе де, әкімдік тарапынан еш әрекет жоқ. 150 бөлмелік жатақханада күнелтіп жатқан азаматтар өздері мен балаларының өміріне алаңдаулы. Қолқаны қапқан лас ауада өскен балақайларға да дерт жабысқыш.
«Бес баланың анасымын. Үйім осы, бесінші қабатқа келгелі су өтеді. Дәлізде жүруге болмайды. Линолеумнің астында ағаш қытырлап, балалар су кешеді. Ауырады, пневмониямен әрине. Жыл сайын бізде екі аптадай мектепке бармай үйде емделіп отырамыз. Қаражатымыз дәріге кетеді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Бибігүл Жұбанәлиева.
Төбеден су аққан сайын ашық-шашық күйде тұрған тоқ сымдарына түсіп қаламыз ба деп те үрейіміз ұшады дейді. Жаңбыр жауса, жертөленің суға толып қалатыны бөлек әңгіме. Соның салдарынан ондағы құбырлар шіріп кеткен. Тіпті мұндағы кей бөлмелерден тіршілік белгісі білінбейді. Терезесі түсіп, жел азынаған аядай ғана бөлме осы үйдің ас бөлмесі екен. Бірақ олай деген аты ғана. Әйтпесе тұрғындар мұнда біраздан бері бас сұқпайды. Өйткені көктеген қабырға төбемізге құлай ма деп қорқады. Мұндағылар арқа-жарқа болып қонақ шақырудан қалғалы қашан. Әкімдік тарапынан қайран болмағасын, амалдап өздері қарекет қылғанмен, нәтижесі көңіл көншітпейді дейді.
«Мынау біздің тұрып жатқан бөлмелеріміз. Ылғал басқан. Жиһазды да ылғал басты. Есіктерін ашып қоямыз. Киім ілеміз де, ашып қоямыз. Өйткені киімдер көгеріп жатыр, көк иіс шығады. Екі рет жөндеу жасадық. Жөндеуге келмейді. Жақсылап қарасаңыз, құлап қала береді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айгүл Биболова.
Елорда әкімдігін шыбын жанын шүберекке түйген тұрғындардың жайы аса алаңдатпайтын секілді. Ғимарат 2027 жылға дейін сүрілетін үйлердің тізіміне кірмейді екен. Себебі, қалада осы уақыт аралағында сүріп тастауға жоспарланған 1000-нан астам үй бар. Әрі бұл жатақхананың жағдайы тым мүшкіл деуге келмейді дегенге саяды әкімдік жауабы.
«Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын реновациялау жобасын іске асыру жөніндегі мүшесі, НұрСұлтан қаласы мәслихатының депутаты Б. К. Котыревтің 2021 жылғы 23 желтоқсандағы комиссия отырысында Луи Пастер көшесіндегі жатақханаға қатысты мәселе қосымша қаралды. Комиссия шешімімен ұсынылған: серіктестік коммуналдық меншікке беретін тұрғын үйдің тепе-теңдігін арттырған жағдайда, аталған үйді таяу жылдарға арналған бұзу жоспарына енгізу мүмкіндігі қарастырылады», - деп хабарлады әкідіктен.
Ал Пастер көшесіндегі жатақхана тұрғындарының төзімі таусылудың сәл-ақ алдында. Әкімдік тарапынан әрекет күтеміз дегенше, өзіміз жазым болмасақ екен деп жанын шүберекке түйіп күн кешуден басқа амалы қалмағандай.