Нұрлыбек Нәлібаев: Құрылыстың уақытылы жүргізілмеуі – басшылардың салғырттығы
Өткен жылы Қызылорда облысында жоспарланған жұмыстың 21 пайызы ғана орындалған

Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен селекторлық режимде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын өңірлерде іске асыру мәселелері және халықпен кездесулердің қорытындылары қаралды. Министр ұлттық жобаның өңірлерде іске асырылу барысындағы кемшіліктерді атап өтті. Оның ішінде көрсеткіштерге арнайы талдау жүргізді. Мәселен, Қызылорда облысы 2021 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарланған 6180 орынның тек 1 363-ін орындаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың көрсеткішіне сәйкес, мектеп құрылысы жұмыстары бойынша да Қызылорда облысы соңғы қатардың біріне орналасты. Нақты айтсақ, 2 мектеп құрылысы уақытылы жүргізілмей, 900 оқушы қамтылмай қалған.
Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша 17 облыстың ішінде Қызылорда 16-орында. Яғни, 2021 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 1240 орынға жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс кем жүргізілген.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне кемшіліктерді талдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында облыс әкімі білім саласы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, бірінші басшылардың қызметін сынға алды.
«Өткен жылғы көрсеткіштерге сәйкес, Қызылорда облысы жоспарды орындамай, рейтингтің соңғы қатарында тұр. Бұл жұмысымызға үлкен сын. Қазіргі таңда үш мектептің күрделі жөндеуі жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалу қаупі бар. Бұл балалар үшін ыңғайсыздық тудыруда. Елдімекенде мектеп болмай, көрші ауылға қатынап оқитын балардың қауіпсіздігі алаңдатады. Сол себепті құрылыс жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау қажет. Сапаға ерекше мән беріңіздер, арнайы комиссия жіберіп тексеретін боламыз. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамаған мердігер мекемеге шара қолдану керек. Бұл жұмысқа облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармаларымен қатар аудан әкімдері тікелей жауапты», - деді Н.Нәлібаев.
Өңірде қазіргі таңда 6 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде. Тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы. Дегенмен, төрт мектептің (Қазалы – №250, Қызылорда – Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп, Жаңақорған ауданы – 300 орындық 2 мектеп) құрылысы мерзімінен кеш жүргізілуде.
Аймақ басшысы құрылыс жұмысының уақытылы аяқталмауы басшылардың салғырттығы екенін атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Бізде әлі күнге дейін құрылысы 3 жылдан бері жалғасып келе жатқан мектептер бар. Пайдалануға беру мерзімі өтіп кетсе де, жауапты басшылар бұл жұмыстарды дұрыс қадағаламаған. Балаларға лайықты білім ошақтарында білім алуы қажет. Сондықтан мәселені шұғыл арада шешіңіздер», - деді Н.Нәлібаев.
Жиында қаралған екінші мәселе халықпен кездесулер бойынша облыс әкімі Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласының әкіміне тұрғындармен кездесу өткізетін орынның дұрыс таңдалмағанын және үйлестіру жұмыстарының жеткілікті деңгейде болмағанын жеткізді.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдері халықпен сындарлы диалог орнатуға әрдайым мүдделі болып, өзекті мәселелерді өз уақытында шешуге атсалысуы қажет деді.