Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды
Елімізде 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылып, 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаңғыртылды. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Аталған жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орынға арналған мектептер салу көзделген.
Бұдан бөлек, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінді.
Премьер-министрдің айтуынша, еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Сонымен қатар, инновациялық бағыттар бойынша өзге елдерден 400 оқытушы тартылды.
«Сонымен қатар, мына мәселелерді атап өткім келеді. Бірінші. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын пысықтау бойынша барлық шараларды қабылдауы тиіс. Оны «Bilimdi Últ» ұлттық жобасымен жедел үйлестіру қажет. Жалпы, «Bilimdi Últ» ұлттық жобасының жоспарланған барлық көрсеткіштеріне қол жеткізу керек. Екінші. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің сапасын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігіне биыл 1 қарашаға дейін мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуды тапсырды. Жиын барысында өңір әкімдіктері жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде колледждерге қабылдауды ұлғайту керектігі де айтылды.
«Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, еліміздің өңірлік жетекші мемлекеттік университеттерінің базасында Академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселелерін пысықтауды тапсырамын», - деп нақтылады Смайылов.