Елордадағы Ұлы дала даңғылында орналасқан көпір ертең ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл көпір бірнеше аудан арасындағы байланысты арттырмақ

instagram.com

Елордадағы Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде көлік қозғалысына қашан рұқсат берілетіні белгілі болды. Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Дүйсенбі, яғни 8 тамызда Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде қозғалыс ашылады. Автомобиль көпірін салу бойынша негізгі жұмыс аяқталды. Осылайша көпір үстінде қозғалыс қайта ашылады. Ал көпірді абаттандыру, оның ішінде тротуар бөлігі бойынша соңғы жұмыстар жүргізіле беретін болады», - деп жазды әкім.

Ұлы дала даңғылындағы көпір Мәңгілік ел даңғылындағы, А.Байтұрсынұлы, Р. Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova city ауданы мен «Мыңжылдық» аллеясындағы көлік ағынын сейілтуге мүмкіндік береді, бұған қоса «Нұрлы жол» жаңа вокзалы, Тельман және Промышленный елді мекендері, МЕТРО гипермаркеті ауданы, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесі және тағы басқа аудандар арасында байланысты арттырады.

 Қала басшысының мәліметінше, қазір сондай-ақ А62 көшесінің (А91 көшесінен Нұр-Сұлтан-Қарағанды трассасына дейінгі аралық) құрылысы жүріп жатыр. Бұл көше Қарағанды трассасы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, сол сияқты қаланың сол жағалаудағы бөлігі арасында көлік байланысын қамтамасыз етеді.