Бұл кенеден зардап шеккендер үлесінің 30 пайызына жуықтайды
Шығыс Қазақстан облысында көктем шыққалы бері 997 баланы кене шаққан. Бұл туралы ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша сәуір айынан бері эндемиялық аумақтарда 3346 адамды кене шақты. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың саны – 997. Бұл кенеден зардап шеккендер үлесінің 30 пайызына жуықтайды.
«Кене энцефалитіне шалдыққан 8 адам тіркелген. Бұл науқастардың ешқайсысы кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінбеген. Дәрігерлерге уақтылы, яғни үш күннен кешіктірмей қаралған адамдардың арасында кене инфекциясын жұқтырғандар болған жоқ», - делінген хабарламада.
Кене энцефалитін емдеу тек стационарлық жағдайда жүргізіледі. Инфекция жұқтырған өңірдің жеті тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханалары мен бөлімшелеріне жатқызылған. Пациенттерге арнайы ем-дом тағайындалды.